Допты хоккейден «Ақжайық» ірі есеппен жеңіске жетті
Допты хоккейден «Ақжайық» ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды Prosports.kz
Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарысқа қатысып жүрген Оралдың «Ақжайығы» «Жастар» стадионында Верхний Уфалейдің «Никельщик» клубын қабылдады.
Бұл оралдықтардың жаңа маусымдағы өз айдынындағы алғашқы ойыны еді.
Николай Шавалдиннің шәкірттері қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Қорытынды есеп – 12:4. Команда сұрмергені, ресейлік Максим Пахомов 6 голдың авторы атанса, Рауан Исалиев «Никельщиктің» қақпасына 3 доп енгізді. «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиевке - 2, Болат Мұхиттың есебіне 1 гол тіркелді.
Осы матчтан кейін 12 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта әзірге «Никельщикпен» төртінші-бесінші орынды бөлісуде. Бірақ қарсыластарына қарағанда, оралдық команданың өткізген ойын саны әлдеқайда кем.
Сенбі күні қос клуб екінші кездесуін өткізеді.