Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC турнирінде жеңіске жетті
Дәл қазір Лас-Вегас қаласында UFC 310 турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Кештің екінші маңызды шайқасында жеңіліп көрмеген екі файтер кездесті. Қазақстандық Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гарримен төбелесті.
Бірінші раундтың аяғында жерлесіміз оң қолымен жойқын соққы бағыттап, қарсыласын бір есеңгіретіп алды. Алайда, әрі қарай тейкдаун жасауға уақыт жетпей қалды.
Екінші раундты Шавкат толықтай өз бақылауында өткізді. Соңғы бір минут ішінде екі-үш дәл тиген соққы жасап үлгерді.
Өз бұрышынан бірнеше ақыл-кеңес алған Гарри үшінші бесминуттықты белсенді бастады. Екі соққысы Шавкатқа дәл тиді. Қазақстандық спортшы жағдайды түзеуге тырысқанымен үшінші раунд қарсыластың еншісінде қалды.
Төртінші раундтың дәл ортасында ғана Рахмонов Иэнді партерге құлата алды. Алайда, қарсылас Шавкатқа жақсы дайындалғанын аңғартты. Соңғы отыз секундта жерлесіміз тағы да Гарридің үстіне шығып, бірнеше соққы жасады.
Соңғы бесминуттық басында Шавкат асығып, қарсыласқа мойнын беріп алды. Гэрри бірнеше рет қылқындыру әдісін қолданып көрген еді, бірақ Рахмонов қиын сәтте ерлік танытып, қарсыластың өзінің үстіне шығып алды. Дегенмен, раунд аяғына дейін екі файтер де айқын әдіс қолдан алмады.
Бес раунд қорытындысы бойынша төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Рахмоновқа берді. Осылайша, Шавкат UFC-де жетінші рет жеңіске жетті.
Қоса кетейік, басты шайқаста Александр Пантожа (28-5) жапондық Кай Асакурамен (21-4) кездеседі.