Almaty Open ATP 250 турниріне қатысушылар келе бастады

Almaty Open ATP 250 турниріне қатысушылар келе бастады

Алматы қаласында 13-20 қазан аралығында алғаш рет Almaty Open ATP 250 турнирі өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл – ATP аясында Қазақстанда өтетін бесінші турнир. Осыған дейін аталмыш жарыс Астанада ұйымдастырылып келсе, Almaty Arena стадионында бірінші рет өткелі отыр. 

Айтулы додаға Қытайдағы жарыстардан кейін қатысушылар келе бастады. Жаңа кортты алғашқы болып қазақстандықтар, Дэвис кубогында ел намысын 50 мәрте қорғаған Михаил Кукушкин, сондай-ақ жуырда еліміздің ересектер құрамасында бастапқы ойынын өткізген Бейбіт Жұқаев байқап көрді.

Таяу күндері турнирге әлемдік рейтингіде ТОП-30-ға кіретін Фрэнсис Тиафо (№17 ATP), Себастьян Корда (№19 ATP), Алехандро Табило (№23 ATP), Карен Хачанов (№25 ATP) және тағы да басқа теннисшілер келеді. 

Өкінішке қарай, денсаулығына және алған жарақаттарына байланысты Almaty Open ATP 250 турнирінде франциялық Артур Фис, италиялық Флавио Каболли және Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик өнер көрсете алмайды. 

Бублик өткен жылы дәл осы мезгілде Бельгияның Антверпен қаласында чемпион атанған еді. Бұл жолы ол Алматыны таңдағанмен, жарақатына байланысты қатыса алмайтын болды.

Қазақстандықтардан Бейбіт Жұқаевпен қоса Тимофей Скатов т негізгі жарысқа арнайы шақырту (wild card) алды. Іріктеу сайысында 16 жасар Әмір Омарханов (wild card) бақ сынап көреді. 

Жұптық сында негізгі додада Александр Шевченко – Тимофей Скатов және Денис Евсеев – Бейбіт Жұқаев ойнайды. 

Денис Евсеев (Алматы), Бейбіт Жұқаев (Ақтау) және Әмір Омарханов (Қарағанды) Қазақстан теннис мектебінің түлектері болса, Тимофей Скатов – Петропавлдың тумасы. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или