Қазақстандық боксшы қыз АҚШ әскерінің қатарына қосылды
Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова (6-3-1) АҚШ ұлттық гвардиясына қосылу туралы шешімін түсіндірді.
Аида Сатыбалдинова Көкшетау қаласында дүниеге келген. Ол бастапқы уақытта ауыр атлетикамен шұғылданып, Қазақстан Республикасының спорт шебері дәрежесіне дейін жеткен. Кейін боксты таңдаған Аида Сатыбалдинова әуесқойлар арасында республикалық жарыстарда жүлделерге ие болды.
2017 жылдан бері АҚШ-та тұрып, кәсіпқой бокста өнер көрсетіп келеді.
Қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова Instagram желісіндегі ресми парақшасында АҚШ ұлттық гвардиясына қосылу туралы шешімін түсіндірген болатын. Спортшы АҚШ-тың қарулы күштеріне арнайы тест тапсырып, қызметке дайын екенін растады.
"Ашық сөйлейік: Қазақстанға қайта оралып, өмір сүргім келмейді, тек қонақ ретінде ғана баруға ниеттімін. Әрқайсымыз өмірімізді жақсы өткізгіміз келеді. Қазақстан өзімді ыңғайлы сезінетін ел емес...АҚШ-та жақсы мансап құрып, өз үйім болуын қалаймын. Мен Калифорнияда өмір сүремін деп шештім, бірақ мұндағы жылжымайтын мүлік бағасы шарықтап тұр. Болашақ баламның Гарвардта оқығанын армандаймын, ал мұнда оқу ақысы – "қорқынышты", - деп жазды Аида Сатыбалдинова Instagram желісіндегі ресми парақшасында.