Елдос Сайдалин: Жарақатқа байланысты екі финалдық кездесу өтпейді
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалин Қарағандыда өтіп жатқан «Мықтылар турниріне» қатысты пікір білдірді, деп жазады Olympic.kz.
Бас бапкердің айтуынша, барлық жекпе-жек тартысты өтіп жатыр.
«Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Басталған алғашқы күннен бері қарай әр жекпе-жекті қадағалап отырмын. «Кім қалай жұдырықтасып жатыр? Қай боксшының жеңіске деген құлшынысы жоғары? Кім қандай айла-тәсіл жасады» барлығы жеке бақылауымда. Бүгін финалда чемпиондар анықталады. Ары қарай жарысты қорытындылап, қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын қыздарымызды анықтаймыз.
Қыздар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасып жатыр. Сондықтан болар жекпе-жек барысында жарақат алып қалғандар көп болды. Бас киімсіз жұдырықтасқанда қалай қорғану керектігін әлі жете түсінбегеннен шығар деп ойлаймын.
Азия біріншілігіне дейін осы тұрғыда барынша жұмыс атқарамыз. Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырмалар беруде. Бас киімсіз жұдырықтасу әйел затына оңай емес. Бірақ, талап солай болды. Енді соған бейімделіп, жаңа ережеге бағынуға тура келеді. Бүгін боксшылардың жарақат алуынан кейін екі салмақта финалдық кездесулер болмайды»,- деді Сайдалин.