Бас киімсіз жұдырықтасқан қыздар арасында жарақат алғандар көп – бас бапкер
Қарағандыда әйелдер боксынан өтіп жатқан «Мықтылар турнирі» тұңғыш рет бас киімсіз өтіп жатыр. Кеше финалистер анықталған болатын. Осыған орай әйелдер боксынан Ұлттық құраманың бас бапкері Елдос Сайдалинге хабарласып, жаңа ережені спортшылар қалай қабылдап жатқаны туралы сұрап білген едік.
– Елдос Жәнібекұлы, «Мықтылар турнирі» мәресіне жетуге жақын. Бүгін чемпиондар анықталады. Жалпы жарыс қалай өтіп жатыр?
– Жарыс өте жоғары деңгейде өтуде. Басталған алғашқы күннен бері қарай әр жекпе-жекті қадағалап отырмын. «Кім қалай жұдырықтасып жатыр? Қай боксшының жеңіске деген құлшынысы жоғары? Кім қандай айла-тәсіл жасады» барлығы жеке бақылауымда. Бүгін финалда чемпиондар анықталады. Ары қарай жарысты қорытындылап, қарашада Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын қыздарымызды анықтаймыз.
– Бас киімсіз жұдырықтасу боксшы қыздарымызға қиындық келтірмей ме?
– Қыздар бірінші рет бас киімсіз жұдырықтасып жатыр. Сондықтан болар жекпе-жек барысында жарақат алып қалғандар көп болды. Бас киімсіз жұдырықтасқанда қалай қорғану керектігін әлі жете түсінбегеннен шығар деп ойлаймын. Азия біріншілігіне дейін осы тұрғыда барынша жұмыс атқарамыз. Жаттықтырушыларға да арнайы тапсырмалар беруде. Бас киімсіз жұдырықтасу әйел затына оңай емес. Бірақ, талап солай болды. Енді соған бейімделіп, жаңа ережеге бағынуға тура келеді. Бүгін боксшылардың жарақат алуынан кейін екі салмақта финалдық кездесулер болмайды.