Жайна Шекербекова өзінен 15 жас кіші боксшыдан жеңілді
Қарағандыда бокстан әйелдер арасындағы «Мықтылар турнирі» басталды, деп хабарлайды Prosports.kz
Жарыстың алғашқы күні-ақ бірнеше сенсация тіркелді.
Үш мәрте әлем чемпионатының жүлдегері атанған, 2010 жылғы Азия чемпионы Жайна Шекербекова өзіңен 15 жас кіші Элина Базаровадан жеңіліп қалды. Қарсыласы 2022 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Айтпақшы, екеуі де Шымкентте бір залда жаттығады. Бұл жекпе-жек 54 келіге дейін салмақта өтті.
Сондай-ақ 2016 жылғы әлем чемпионы Валентина Хальзова (75 келі) түркістандық Шұғыла Нәлібайдан, Жібек Жарасқызы (75 келі) Аида Сарибаровадан айласын асырды.
Азия чемпионы Мәдина Нұршаева (70 келі, Шымкент) Азиза Исинаны (Қарағанды) жеңді. Әнел Сақыш (54 келі, Алматы) астаналық Айшаүл Елеубаеваның осал тұсын тапты.
Бүгін жарыстың екінші күні. Турнирге жалпы 70 боксшы тіркелген. Олар еліміздің барлық аймағынан және Ресейден қатысады. Тек Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға демалыс берілген.
Қарағандыдағы турнирдің басты ерекшелігі – әйелдер боксы бәсекесінің алғаш рет арнайы бас киімсіз өтуінде. Оған қоса бапкерлік кеңес дәл осы жарыста Азия чемпионатына қатысатын боксшыларды қарастырады.