Басқа

Париж Олимпиадасына дайынмын - пара спортшы Дастан Мұқашбеков

Париж Олимпиадасына дайынмын - пара спортшы Дастан Мұқашбеков
news-banner7
mobile-news-top

Париж Олимпиадасына 3 айға жетер-жетпес уақыт қалды. Жоғары жетістік көрсету үшін спортшылар дайындық үстінде. Олардың ішінде паралимпиадашылар да бар. Кazinform тілшісіне 2023 жылдың шілде айында Парижде өткен әлем чемпионатында қола жүлдегері атанып, жазғы ойынға лицензия ұтып алған Дастан Мұқашбеков күндіз-түні жаттығып жатқанын айтты.

Дастан Мұқашбеков 33 жаста. Спортқа бала кезінен бейім болған, әсіресе пауэрлифингке қызығушылық танытқан.

Дастан МұқашбековФото: кейіпкерден

«Мектеп кезінен спортқа қызығатынмын. Денсаулығыма байланысты қатысуға мүмкіндігім болмады. Бір күні телеарнадан пара спортшыларды көріп, «Сен де қатыса аласың» дедім өзіме. Алдыма мақсат қойып, жоғары деңгейдегі спортшы атануға серт еттім. Алғашында пауэрлифтингпен айналысқым келді. Аталған спорт тек Теміртауда бар екен. Мені жаттықтырушылар залға шақырып, қабілетімді тексерді. Кейін бапкерлер жеңіл атлетикаға бейім екенімді байқап, Шымкентте өтетін Қазақстан чемпионатына қатысуға ұсыныс тастады. Келістім. Қазір жеңіл атлетиканың ішінде ядро лақтырумен айналысамын», - деді ол.

Дастан МұқашбековФото: кейіпкерден

Айтуынша, аты жеңіл атлетика болғанымен, бұл оңай спорт түрі емес.

«Техникалық, физикалық тұрғыда қиын. Қазір менің жаңкүйерлерімнің саны артты. Олардың қолдауын сеземін, атмосферасы ұнайды. Қазір әлем чемпионаты мен Гран-при турниріне дайындалып жатырмын. Оқу-жаттығу жиындары Алматыда мамыр айына дейін жүргізіледі. Содан соң, Париж Паралимпиадасына дайындығымызды күшейтеміз», - деді Дастан Мұқашбеков.

Спортшының сөзінше, қарсыластарының осалы жоқ. Бәрі де ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жеткен, өз елінің мықты спортшылары.

Дастан МұқашбековФото: кейіпкерден

«Солардың қатарында Германия, Тунис, Мексика елдерінің азаматтары да бар. Оларды құрметтеймін. Жақсы араласамыз. Доспыз. Физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық дайындықтың маңызы зор. Өзімді іштей дайындап қойдым. Қалай болады, не болады деп жаныңды жегідей жесең, кері әсерін тигізеді. Спортшы үшін қобалжудың болуы қалыпты жағдай. Бірақ мен – дайынмын», - дейді ол.

Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналғана спорттық даярлау орталығының пара жеңіл атлетикадан команда бастығы Мәулен Нәсіпқали Дастан Мұқашбеков үздік спортшылар қатарынан екенін айтты.

«Дастан Мұқашбеков - Париж Паралимпиадасында жеңіске үміт күттіретіндердің қатарында. Ханчжоуда өткен Азия Пара ойындарында Азия рекордын орнатқан мықтының бірі. Африка, Азия континенттерінің мен мен деген спортшыларымен бәсекеге түсуде ұдайы дайындық жүргізіп келеміз. Японияда өтетін чемпионатқа да лицензияға үміт бар», - деді Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналғана спорттық даярлау орталығының пара жеңіл атлетикадан команда бастығы Мәулен Нәсіпқали.

Бұл қазақстандық спортшылардың Париж-2024 Паралимпиада ойындарына ұтып алған 12-ші лицензиясы. Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден 3 лицензия және пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали және Нұрлан Домбаев алған болатын.

Айта кетсек 17-ші жазғы Паралимпиада ойындары биыл Парижде 28-ші тамыз бен 8-ші қыркүйек аралығында өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер