"Соңғы жолдамаға таласады": бас бапкер көркем гимнастикадан лицензия алу мүмкіндігін айтты

"Соңғы жолдамаға таласады": бас бапкер көркем гимнастикадан лицензия алу мүмкіндігін айтты

Көркем гимнастикадан Қазақстан Ұлттық құрама командасының бас бапкері Әлия Юсупова отандық гимнастардың Париж Олимпиадасына жолдама алу мүмкіндігі жайлы айтты, - деп хабарлайды Olympic.kz. 

Айта кетелік, көркем гимнастикадан Олимпиаданың соңғы жолдамасы Ташкентте өтетін Азия чемпионатында сарапқа салынады. 

«Олимпиада жолдамасын алатын мүмкіндігіміз әлі де бар. Ташкентте өтетін турнир сары құрлыққа берілген жалғыз лицензияның тағдырын шешеді. Бұл жолдамаға Қазақстаннан бөлек, Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапония спортшылары да таласады. Бәрінің де Париж Олимпиадасына бару мүмкіндігі бірдей. Кім өз жаттығуын жоғары деңгейде орындаса, сол спортшы Парижге аттанады» - деді Юсупова. 

Азия чемпионатындағы жекелей сында әр командадан екі спортшының жарысқа қатысуына рұқсат. Қазіргі таңда Қазақстан сапынан Эльжана Таниеваның лицензиялық біріншілікте бақ сынайтыны белгілі. Екінші спортшыны Әлия Мақсұтқызы бастаған бапкерлер құрамы әлі де бақылау үстінде. 

«Эльжана Таниева құраманың бірінші нөмірлі спортшысы. Ол талай мәрте Әлем кубогы кезеңдерінде үздіктер қатарынан көрінді, Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды. Одан бөлек, ел Спартакиадасында топ жарды. Сондықтан, ол лицензиялық Азия чемпионатына қатысу құқығын әділетті түрде иеленіп отыр. Ал, Азия біріншілігіне қатысатын екінші гимнасты әлі де бақылаудамыз. Бұл орынға үш спортшы таласуда, олар: Эрика Жайлауова, Милана Парфилова және Айбота Ертайқызы.

Біз шын мықтыны таңдау үшін олардың аяқ алысын назарда ұстап отырмыз. Азия чемпионатына дейін өтетін үш халықаралық жарыста кім сәтті өнер көрсетсе, сол спортшыға мүмкіндік беріледі. Жақында Венгриядағы турнир аяқталды, алда Грекия мен Болгарияда өтетін бәсекелер бар. Үш жарыстың қорытындысы бойынша кім жоғары ұпай жинаса, сол Ташкенттегі лицензиялық додаға барады. Біз бәрін әділ жолмен таңдаймыз», - деді Ұлттық құраманың команданың бас бапкері.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или