Спортты дамыту дирекциясының бұрынғы директоры қамауға алынды
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу деректері бойынша, күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған.
Бұл қаражатты БҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-не бөлген. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексеріліп, жымқырудың қосымша эпизодтарын анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.
Айта кетейік, осы уақыт аралығында «Спортты дамыту дирекциясын» Оралбай Жаксымбетов басқарған болатын.