Өзбекстанның Самарқан қаласында шахматтың рапид және блиц түрінен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрама көшбасшысы Бибісара Асаубаева блиц шахматтан бәсекені 6-орында аяқтады. Ол 17 турда 11 ұпай жинады (9 жеңіс, 4 тең ойын).
Бүгін қазақ гроссмейстері шешуші сәтке дейін жүлдеден дәмелі болды. Екатерина Лагномен жақсы ойнап, жеңіске жетті. Алайда 16-турда әлем рейтингінде 3-орында тұрған Жу Жинирге жол беріп, алғашқы үштіктен сырт қалды.
Былтыр тура осы уақытта Алматы қаласында өткен дүниежүзі бәсекесінде Бибісара Асаубаева 17 турда 13 ұпай жинап, алтыннан алқа таққан.
Бибісара 6-орын үшін FIDE-ден сыйақы ретінде 10 мың АҚШ долларын алады. Тағы бір Ұлттық құрама спортшысы Меруерт Камалиденова 8-сатыға тұрақтады. Бұл орынға 5 мың доллар беріледі
«Бүгін нашар ойнадым. Қазір ешқандай сұраққа жауап бере алмаймын»,-деді Бибісара ойын залынан шығып бара жатқанда.

Биыл бас жүлдені Валентина Гунина (FIDE) жеңіп алса (14 балл), Александра Костенюк (Швейцария) күміс, Жу Жинир (Қытай) қолаға қол жеткізді. Қалған Ұлттық құрама ойыншыларының нәтижесі мынадай:
Алуа Нұрманова - 18-орын (10,5 ұпай)
Ксения Балабаева 25-орын (10 ұпай)
Зарина Нұрғалиева 39-орын (9,5)
Әсел Серікбай 66-орын (8,5)
Назерке Нұрғали 71-орын (8 ұпай)
Әмина Қайырбекова 95-орын (7 ұпай)
Лия Құрманғалиев 102-орын (6,5 ұпай)
Елназ Калиахмет 107-орын (6 ұпай)
Айару Алтынбек 110-орын (6 ұпай)

Жалпы блицтен әйелдер арасында 118 шахматшы сынға түсті.
Айта кетейік, биылғы чемпионаттың жалпы жүлде қоры – 1 миллион АҚШ доллары. Оның 700 мыңы ерлер арасындағы ашық бәсекеде, қалған 300 мыңы әйелдер арасындағы турнирдің жүлдегерлері алды.