«Нэмнің жекпе-жектеріне қарап 39 жаста деп айта алмайсың». Азат Мақсұм - АҚШ-тағы дайындығы, Сэндхагенмен спарринг және UFC-дегі дебюті туралы

16 шілдеге қараған түні Американың Лас-Вегас қаласында өтетін UFC on ESPN 49 турнирінде қазақстандық Азат Мақсұм (16-0) аралас жекпе-жектен әлемдегі ең мықты ұйымындағы алғашқы кездесуін өткізеді. Аса жеңіл салмақтағы жекпе-жекте оның қарсыласы тәжірибелі америкалық файтер Тайсон Нэм (21-13-1) болады.
Карьерасындағы маңызды жекпе-жек алдында «Қазақ» Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында алдағы жекпе-жекке дайындығы, сонымен қатар қарсыласының негізгі ерекшеліктері туралы айтты.
– Азат, UFC-дегі дебют өте жақын. Жекпе-жек алдында көңіл-күйіңіз және физикалық формаңыз қалай?
– Алдағы UFC-дегі жекпе-жек алдында көңіл-күйім өте жақсы, физикалық тұрғыдан өзімді тамаша сезінемін.
– Жекпе-жекке психологиялық тұрғыдан дұрыс қарау үшін команда мүшелерінен қандай кеңес аласыз және оларды іс жүзінде қолдана аласыз ба?
– Әрине, әлемдегі ең үздік ұйымдағы дебют мен үшін өте маңызды сәт, менің командам көп уайымдамауға, октагонда қолымнан келгенді істеуге кеңес берді.
– Сіз көп уақыт Америкада жаттығып жүрсіз. Одан қандай пайдалы нәрселер үйрендіңіз?
– Иә, Америкада екінші рет жаттығып жатырмын, естеріңізде болса, мен Қайрат Ахметовтің ONE FC жекпе-жегі алдында оның серіктесі болғанмын. Америкадағы оқу-жаттығу жиыны маған жақсы әсер етті, өйткені мұнда UFC файтері көп, олардан көп нәрсені үйренуге болады, бапкерлер де өте жақсы.
– Сіз АҚШ-та жапониялық Тайра Тацуромен бірге жаттықтыңыз. UFC-де төрт рет жеңіске жеткен файтермен жаттығудан қандай әсер алдыңыз?
– Тацуро Тайра өте мықты файтер, екеуміз спаринг өткізіп, бірге жаттыққанбыз. Жаттығуда ешкім толық күш жұмсамайды, бірақ спаррингте өзімді жақсы сезіндім.

– Сіз Кори Сэндхагенмен де спарринг өткіздіңіз. Ұйымның топ-файтерінің соққысы қалай екен?
– Иә, мен Кори Сэндхагенмен спарринг өткіздім, ол өз дивизионындағы үздіктердің бірі. Мен одан көп нәрсені үйрендім, бірақ одан қалыспауға тырыстым.
– Нэмнің қанша жекпе-жегін тамашаладыңыз? Бұл файтердің ерекшеліктері қандай?
– Бос уақытымда оны зерттедім. Оның бірінші кезекте оң қолымен соққысы жойқын, таймингі жақсы, негізінен ол өз сәтін күтеді.

– Нэм Жалғас Жұмағұловпен жекпе-жекке шыққан кезінен айырмашылығы неде?
– Олар 2018 жылы жекпе-жек өткізді, 5 жыл өтті. Ол кез келген файтер үшін өте қауіпті болып қала береді, жекпе-жектеріне қарап 39 жаста деп айта алмайсың.
– Сіздің ойыңызша, мұндай қарсыласпен жекпе-жекке бірінші орында не тұруы керек?
– Мұндай қарсыласпен жекпе-жекте, әрине, жылдамдық пен төзім бірінші орында тұруы керек.
Азат Мақсұм кейінгі жекпе-жегінде Алматыда өткен OCTAGON 39 турнирінде бразилиялық Фабрисио Нуньесті (8-1) мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Фото: OCTAGON, ашық дереккөздерден