русский язык
ММА

«Жеңсем, UFC немесе Bellator-ға барамын». Ең танымал промоушенге тағы бір қазақстандық қосылуы мүмкін

«Жеңсем, UFC немесе Bellator-ға барамын». Ең танымал промоушенге тағы бір қазақстандық қосылуы мүмкін

Mergen FC 4 ивенті аясында қазақстандық атақты файтер Нұрберген Шәріпов (10-3) сегізбұрышқа оралады.

Аралас жекпе-жекте 2021 жылдың соңынан бері кездесу өткізбеген файтер Атыраудағы турнирде тәжірибелі қырғызстандық 31 жастағы Қанат Келдібековпен (21-8) күш сынасады.

Сегізбұрышқа оралар алдында Шәріпов Prosports.kz тілшісіне сұхбат беріп, онда алдағы текетірес, жекпе-жексіз уақыттары және UFC мен Bellator жоспарлары туралы айтты.

– Нұрберген, әлеуметтік желіге қарағанда, сегізбұрышқа оралуға Таиландта дайындалып жатыр екенсіз. Жекпе-жек алдында өз бабыңызға орала алдыңыз ба?

– Таиландта бір айдай болдым, кейін Қазақстанға қайттым. Он күн демалып, қайта жаттығуға кірістім. Жалпы алғанда, өзімді жақсы сезінемін және бабымдамын.

– Бір жарым жылдан бері төбелескен жоқсыз. Бұл әсер етпей ме?

– Иә, бір жарым жыл бойы төбелескен жоқпын. Әрине, бұл жерде қарсыластың да мықты екенін ескерсек, қиындықтар бар.

– Айтпақшы, салмақ қуу қалай өтіп жатыр?

– 61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткендіктен, 70 келі оңай болады деп ойладым. Салмақ қууды бір апта бұрын бастадым, бірақ бұл өте қиын, 61 келіге салмақ қуып жатқан сияқтымын.

– Қанат Келдібековпен жекпе-жек сіз үшін қаншалықты маңызды?

– Біз онымен 2018 жылы АСА-да кездесуіміз керек еді, сондықтан мен бұл істі аяқтап, бәрін шешкім келеді. Мен «Перске» жекпе-жек ұсынып, онымен кездесу өткізгім келді, бірақ ол алғашында келіскендей болғанымен, кейін қоңыраулар мен хабарламаларға жауап беруін тоқтатты. Содан мен Расул Мирзаевқа ұсындым, бірақ ол бірден жоспарында бокс барын айтты.

– Мықты қарсыласпен шыққыңыз келді ме?

– Иә, жекпе-жек бір-екі соққыдан кейін біткенін қаламадым. Қазір бәрі хайп жасап жатыр ғой, бірі файтер, бірі файтер емес, сондықтан лайықты қарсыласпен шыққым келді. Қанат Келдібеков рекорды бар жақсы файтер, тіпті менікінен де жоғары.

– Сіздің ойыңызша, Келдібековпен жекпе-жек қалай өрбиді?

– Айту қиын. Үш раундтан өтеміз деп ойлаймын. Ол да қазір бабында, өйткені жекпе-жек туралы екі ай бұрын біліп, дайындалып жүрген.

– Сіз үшін бұл MergenFC промоушені аясындағы үшінші жекпе-жек болмақ. Лигада өнер көрсетуден қандай әсер алдыңыз?

– Турнирлерді ұйымдастыру жоғары деңгейде, сондықтан бұл тұрғыда бәрі жақсы. Жас және өршіл ұйым.

– Кәсіби мансабыңызда қандай жоспарларыңыз бар?

– Иншалла, бұл жекпе-жекте жеңіске жетсем, АҚШ-қа барғым келеді. Менің визам бар, сондықтан шетелге шығып, PFL, Bellator немесе UFC сияқты ұйымдардың біріне түсуді ойлап жүрмін. Жаттығу жасаймын, қазір көптеген файтер Америкада жаттығады. Жақында Нурулло Әлиев келісімшарт жасасты, сондықтан сол жақта болсам, келісімшартқа отыру оңайырақ.

Mergen FC лигасының ресми серіктесі - UNDERDOG Sports спорт агенттігі

Алдағы шоудың билеттерін ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады

Фото: Нұрберген Шәріповтің Instagram-парақшасынан

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;