Жалғас Жұмағұлов: UFC-мен келісімшарт бойынша бір жекпе-жек қалды

Қазақстандық UFC файтері Жалғас Жұмағұлов Prosports.kz сайтына берген сұхбатында ММА-дағы мансабы, Шавкат Рахмоновтың алдағы жекпе-жегіне болжамын айтты.
– Жалғас, көпшілікті қызықтыратын сұрақ: спорттық мансабыңызды жалғастырасыз ба?
- Өзімнің мансабыма келетін болсақ, бапкермен, менеджермен ойласып, UFC-де тағы бір жекпе-жек өткізуді шештім. Келісімшарт бойынша соңғысы. Егер бәрі ойдағыдай өтіп, әдемі жеңіске жетсем, онда маған жаңа келісімшарт ұсынылуы мүмкін.
– Жалпы, 2023 жылға қандай мақсаттар қойып отырсыз?
- Келесі жекпе-жекті асыға күтіп жүрмін. Қарсылас табылған бойда бірден Америкаға дайындалуға аттанамын. Рамазанға дейін жекпе-жек өткізгім келген. Бірақ ол жоспар іске аспайтын секілді.
– UFC-де бірнеше даулы жеңіліске ұшырадыңыз. Сіз бұл лигада азиялық файтерлерге қисық көзбен қарайтынын айттыңыз. Сіз әлі де солай ойлайсыз ба?
- Иә. Мен UFC-де алты жекпе-жек өткіздім, тек біреуінде ғана жеңілдім - Мануэль Кападан. Басқа кездесулерде өзімді жеңілген адам санамаймын. Әсіресе соңғы екі жекпе-жек. Бұл шайқастарда жеңіске лайық болғаныма сенімдімін. Бірақ төрешілер маған осылай, әділетсіз баға берді.
- Шавкат Рахмонов пен Джефф Нил жекпе-жегіне қалай қарайсыз?
– Шавкат – жан-жақты файтер. Мен оны осы кездесудегі фаворит ретінде көремін.
– Жақында Дамир Исмағұлов спорттан кеткені туралы айтқан болатын, бірақ кейін UFC аясында тағы бір жекпе-жек өткізуге бел буды. Сіздің ойыңызша, ол мансабын аяқтауы керек пе?
- Дамир мықты спортшы. Оның рекорды жақсы. Бірақ, күрес жағын дамытса, алар асуы көп еді. Арман Царукян оның осал тұстарын ашып берді.
– Қазір қазақтар Асу Алмабаев пен Азат Мақсұм UFC тізімін толықтыра алады деген әңгіме көп. Қалай ойлайсыз, біздің саңлақтар осындай жоғары деңгейде өнер көрсетуге дайын ба?
– Білмеймін, бұл олардың менеджерлеріне қойылатын сұрақ. Олар UFC-мен келісе ала ма, жоқ па, айта алмаймын.