русский язык
Футбол деген бір ғажап!
Әлем футболы

Төрт құрама. Кім жеңсе де тарих жаңарады

Төрт құрама. Кім жеңсе де тарих жаңарады

Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/4 финалы аяқталып, жартылай финалға шыққан барлық құрама анықталды, деп жазады Prosports.kz.

Әлем біріншілігі Азия құрлығында екінші рет өтіп жатыр. Бір қызығы, екеуі де сенсацияға толы болды. 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапония бірігіп өткізген әлем чемпионатында корейлер жартылай финалға дейін жеткен. Одан бөлек Түркия құрамасы да үздік төрт құраманың қатарынан табылды.

Жаһан біріншілігі араға 20 жыл салып сары құрлыққа қайта оралған. Бұл жолы көпшілік күтпеген нәтижелер топтық кезеңде басталып кетті. Алдымен Сауд Арабиясы Аргентинаны сан соқтырса (2:1), кейін Жапония Германияны (2:1), Оңтүстік Корея Португалияны (2:1), Жапония Испанияны (2:1), Камерун Бразилияны (1:0) жеңді.

F тобында 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Хорватия мен Бельгияны басып озып, Марокко құрамасы бірінші орын алды. Әу баста жанкүйер қауым мұны сенсация деп бағалаған. Сөйтсек бұл басы ғана екен. Афирикалық құрама 1/8 финалда Испанияны (пенальти сериясы), 1/4 финалда Португалияны (1:0) жарыс жолынан шығарып, 1/2 финалға өтті. Оның үстіне алғашқы бес ойында өз қақпасына жалғыз гол өткізді, оның өзі автогол (Канадамен ойында).

Ал Жапония мен Бразилияны пенальти сериясында сүріндіріп, жартылай финалға жеткен Хорватия құрамасының жетістігін сенсацияға балаудың қажеті жоқ шығар. Өйткені Златко Далич пен Лука Модрич бастаған жігіттер мұндай ірі турнирде қалай ойнауды жақсы біледі. Төрт жыл бұрын Ресей төрінде де олар финалға дейін сүрінбей жеткен.

Төрт құрама, төрт тарих

Бір қызығы, жартылай финалға жеткен қай құрама чемпион болса да керемет жетістік ретінде тіркеліп, тарих жаңарады.

Франция құрамасы чемпион болса, араға 60 жыл салып чемпиондық атаған қорғаған алғашқы команда атанады. Бұған дейін мұндай жетістікке Италия (1934, 38) мен Бразилия (1958, 62) ғана жеткен.

Аргентина құрамасы жеңіске жетсе, 35 жастағы Лионель Мессидің арманы орындалып, атақты Пеле мен Марадонадан кейінгі үшінші футбол королі болары сөзсіз.

Марокко құрамасы топ жарса, Африка құрлығынан шыққан алғашқы чемпион атанады. Оның үстіне бұған дейін тек Еуропа мен Латын Америкасының құрамалары чемпион болған. Марокко осы тарихқа да өзгеріс енгізуі мүмкін.

Хорватия құрамасы жеңімпаз атанса, өз тархиында алғаш рет мұндай биік белесті бағындырады. 4 млн ғана халқы бар шағын елдің әлем чемпионы атанғаны нағыз керемет болар еді. Оның үстіне соғыс оты шарпыған аласапыран заманда дүниеге келген Модрич әлем футболының нағыз аңызына айналады.

Тағы бір қызық, бұған дейін ешқашан F тобында бақ сынаған құрама әлем чемпионы атанбапты. 1982 жылдан бері әлем чемпионатында F тобы бар. Бірақ осы топтан шыққан құрама турнирде топ жармаған. Ал биыл F тобында өнер көрсеткен екі құрама (Хорватия мен Марокко) жартылай финалға жетіп отыр. Егер олардың бірі соңында жеңіске жетсе, «сәтсіз топ» түсінгі жойылады.

Аргентина – Хорватия

Әлем чемпионатының 2014 жылғы күміс жүлдегері мен 2018 жылғы күміс жүлдегері кездеседі. Қос құраманың жолы бұған дейін әлем біріншілігінің плей-офф кезеңінде түйіспеген. Хорватия үшінші мәрте 1/2 финалда өнер көрсеткелі отыр, ал Аргентина бұл кезеңге алтыншы рет жетті. Оның екеуінде (1978 және 1986 жылы) чемпион атанды.

ФИФА ретингісінде Аргентина 3-орында, Хорватия 12-сатыда тұр. Қос құрама ойыншыларының трансферлік құнында да айтарлықтай айырмашылық бар, латынамерикалықтар 645 млн еуроға, ал еуропалық құрама 377 млн еуропаға бағаланып отыр. Екі құрама өзара алтыншы мәрте кездескелі отыр. Бұған дейінгі бес матчтағы көрсеткіштері бірдей. Екі реттен жеңіп, бір мәрте тең ойнаған.

Аргентина Катардағы жорығын сәтсіз бастады. Алғашқы ойында күтпеген жерден Сауд Арабиясына есе жіберген (1:2) Лионель Скалони шәкірттері одан кейін қателескен жоқ. Топтағы өзге екі ойында Мексика (2:0) мен Польшаны (2:0) сенімді жеңді. Ал 1/8 финалда Аустралия құрамасын (2:1) жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Нидерланды футболшыларын пенальти сериясында сүріндірді.

Ал Хорватия асып-таспайтын, нағыз тұрақты құрама екенін тағы байқатты. Чемпионат басталмай тұрып 2018 жылғы үздік ойыншылары қартайды, қазіргі құрамы әлсіздеу деп бағаланған. Бірақ Модрич бастаған жігіттер білгенінен жаңылған жоқ. Топта Канаданы ойсырата ұтып (4:1), Марокко (0:0) және Бельгиямен (0:0) тең ойнады. 1/8 финалда Жапонияны, 1/4 финалда турнирдің басты фавориті Бразилияны пенальти сериясында ұтты.

13 желтоқсанда (14 желтоқсанға қараған түні) өтетін матч нағыз шабуылмен қорғаныстың қарама-қайшылығы болатын шығар. Өйткені Аргентинаның шабуыл шебі қарсыласынан әлдеқайда азулы. Олар ойынды 120 минутқа созбай, екі таймда мәселені шешкісі келеді. Әрине 120 минут ойнау хорваттардың маңдайына жазылған жазу емес шығар, олар да шаруаны қиындатпай шешуге ниетті. Дегенмен бұл жұпта оңтүстік америкалық ұжымның бәсі басым. Ақтық сынға солар өтетін шығар.

Франция – Марокко

Қос құрама әлем чемпионатында алғаш рет кездескелі отыр. Дегенмен бұған дейін құрамалар арасында бес матч өткен. Франция үш рет жеңіп, бір мәрте жеңілген, тағы бір ойын тең аяқталыпты. ФИФА рейтингінде Франция 4, ал Марокко 22-орында тұр. Франция ойыншыларының трансферлік құны 1 млрд еуродан асса, африкалықтардың трансферлік бағасы 241 млн еуро ғана.

Марокко әлем чемпионатына алтыншы мәрте қатысып жатыр. Жартылай финалға алғаш рет шықты. Ал Франция жетінші мәрте жартылай финалға жетті. Екі рет чемпион болған – 1998 және 2018 жыл.

Айта кетерлігі, Марокко әлем чемпионатының 1/2 финалына шыққан алғашқы африкалық құрама. Оның үстіне бұл кезеңге жеткен Еуропа мен Латын Америкадан өзге құрлықтан келген үшінші құрама. Бұған дейін 1938 жылы АҚШ, 2002 жылы Оңтүстік Корея жартылай финалда бақ сынаған.

Биылғы чемпионатта Франция құрамасы фаворит екенін бірден байқатты. Топтағы алғашқы екі ойында Аустралия (4:1) мен Данияны (2:1) жеңді, содан кейін ғана сәл тізгін тартып, соңғы турда Туниске есе жіберді (0:1, қосалқы құрамдағы ойыншыларын шығарды). Плей-офф кезеңіндегі бірінші матчта Польшаны қарсылас құрлы көрген жоқ (3:1), ал ширек финалда Англияны ұтты (2:1).

«Атлас арыстандары» атанған Марокко құрамасы жартылай финалға дейін жетеді деп ешкім ойламаған шығар. Тіпті 2018 жылы Ресейде күміс және қола жүлде алған Хорватия және Бельгиямен бір топқа түскенде, олар плей-офф кезеңіне де өте алмайды дегендер болды. Бірақ чемпионат бастып, Марокконың ойыны мен құрамын көргенде жанкүйер қауым бұл ұжымның мықты екенін аңғарды.

Олар топтық кезеңде Бельгия (2:0) мен Канаданы (2:1) жеңіп, Хорватиямен (0:0) тең ойнады. Ал 1/8 және 1/4 финалда атақты Испания (пенальтиден) мен Португалияны (1:0) жарыс жолынан шығарып тастады. Құрама тізгінін биыл қыркүйекте ғана ұстаған Валид Реграги қорғанысы тас қамал, шабуылы өткір, қарымта шабуылға машықтанған команда жасақтапты. Баста айтқанымыздай, бес ойында жалғыз гол өткізгені соның дәлелі.

Франция – Марокко матчы 14 желтоқсанда өтеді. Бұл жұпта тағы да Франция фаворит. Бірақ Марокко фавориттерді сыйлайтын құрама емес, Еуропаның кіл мықтыларын еліне ерте қайтарған африкалықтар тағы бір тарих жасағысы келеді. 1/2 финалға шыққан алғашқы қара құрлық құрамасы атанған Марокконың ендігі әр жетістігі жаңа тарих – финалға өтсе де, чемпион болса да. Дегенмен Марокко ертегісі осы тұстан аяқталуы мүмкін. Әлем чемпиондарының ақтық сынға өтуге мүмкіндігі мол деп есептейміз.

Марокко, Марадона және Месси

Мынадай бір қызық сәйкестік бар. 1986 жылы Марокко әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне өткен алғашқы африкалық құрама атанды. Әрі сол чемпионатта олар Португалия құрамсын жеңді. Ал 2022 жылы Марокко 1/2 финалға жеткен алғашқы африкалық құрама атанып отыр, бұл жолы да Португалияны жеңді. 1986 жылы Марадона бастаған Аргентия құрамасы чемпион атанғанын ескерсек, биыл тарих қайталанып Месси чемпион атануы ғажап емес...

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
;