Орталық Азия ойындарын өткізу қайта жаңартылады
Корея Республикасының Сеул қаласында Ұлттық Олимпиадалық комитеттер қауымдастығының (ҰОКҚ) Бас Ассамблеясы аясында Орталық Азияның Ұлттық Олимпиадалық комитеттері кезекті сессияның жұмысын аяқтады.
Отырыс жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан ҰОК, АОК өкілдері қатысты. Жұмыс кездесуіне қатысушылардың күн тәртібінде екі негізгі тақырып болды, олардың ең бастысы - Орталық Азия ойындарын қайта жаңғырту.
Тараптар спорттық бағдарламаны бірлесіп әзірлеуге, сондай-ақ алдағы екі жылда ойындарды қайта бастауға уағдаласты. Жарыс өткізілетін ел мен күндер кейінірек анықталады. Сонымен қатар, тараптар арасында 2023 жылға қарай елдердің жеке және бірлескен дайындықтарын жақсарту тетіктерін әзірлеу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді, бұл Париж-2024 Олимпиада ойындарының жолындағы біліктілік кезеңі болады.
Осы мақсатта тараптар Орталық Азияның спорт нысандарын өзара тиімді шарттарда пайдалануға келісті. Қазақстан 2015 жылдан бастап Орталық Азия өңірі бойынша Азия Олимпиадалық Кеңесіне төрағалық етеді. АОК-тің бөлуі бойынша өңірге барлығы жеті ел кіреді: Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан.