Шорт-тректен Қазақстан чемпионаты басталды
Астана қаласындағы «Алау» мұз сарайында шорт-тректен ел чемпионаты басталды. Енді 7 қазанға дейін 11 өңірдің 90-ға тарта спортшысы сынға түседі.
Мұнда Ұлттық құрамадан бастап әр облыс пен қаланың таңдаулы шорт-трекшілері бар. Әр қашықтықта финалға шыққандар оқу-жаттығу жиынына қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша, келер айда басталатын Әлем Кубогы кезеңдерінде өнер көрсететін құрама жасақталмақ.
Қатысып жатқан командалар: Астана, Алматы, Шымкент қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Қарағанды, Қостанай, СҚО, ШҚО, Қызылорда облысы.
Чемпионаттың ресми ашылу салтанатына Спортты Дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Қазақстан коньки тебу федерациясы директорының міндетін атқарушы Олжас Беспаев қатысты.
Айта кетейік, бәсекені INSPORT арнасының YouTube парақшасынан тікелей эфирде көре аласыздар.