Ел кубогы: «Тараз» бапкері «Шахтерге» қарсы матч туралы пікірін айтты

Ел кубогы: «Тараз» бапкері «Шахтерге» қарсы матч туралы пікірін айтты

«Тараздың» бас бапкері Нұркен Мазбаев командасы Қазақстан кубогының жартылай финалына шыққаннан кейін пікір білдірді, деп жазады Prosports.kz клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Біріншіден, тамаша қолдау көрсеткен біздің жанкүйерлерге мың алғыс! Кубоктың жартылай финалына шығуымен баршасын құттықтаймын!

Ал, ойынға тоқталар болсақ, "Шахтер" кейінгі кездері екі орталық қорғаушымен ойнайтын. Бірақ бүгін үш орталық қорғаушымен ойнап, бізді алаңның орта тұсынан күтіп алуға тырысты. Алайда, ондай тактикаға да дайын болып, екі күн футболшылармен жұмыс істедік. Жалпы қандай ойынға болсын дайын болдық деп ойлаймын. Қарсылас команданың қорғанысы жақсы ойын көрсетті. Бізге оңай болған жоқ. Бірінші таймда Абылайдың жақсы бір мүмкіндігі болып еді, оны пайдалана алмадық. Ал екінші бөлік шиеленіске толы болды деп ойлаймын. Біраз ойыншыларды алмастырдық. Тыңнан қосылған Марат Шахметов Абылайхан есепті теңестіргенде өзінің пайдасын тигізді. Жақсы жәрдем жасады.

Қарсылас команда қарымта шабуылда өте жақсы ойын көрсете алады. Соның бірінде олар гол соғып кетті. Жалпы негізгі уақыттың аяғына қарай жеңіске жетіп, матчты аяқтайтын бір-екі мүмкіндігіміз болды. Алайда ойын пенальти сериясына дейін жетті.

- Пенальти тебетін футболшыларды өзіңіз белгілеп айттыңыз ба, әлде олар өздері сұранды ма?

- Бапкерлік құрам ақылдасып белгіледік. Біз кеше жаттығудан соң пенальти болып қалған жағдайда дайын болу керектігін ескеріп, оған арнайы дайындалдық. Жігіттер психологиялық тұрғыда әзір болуы тиіс еді. Сол бізге бүгін көмектесті ғой деп ойлаймыз.

Келесі кезеңдегі қарсылас белгілі болды. Ол - "Ақжайық" командасы. Ол матч сырт алаңда өтеді. Бұл туралы не айтасыз?

- Бізге жартылай финалда географиялық жағынан алматылық команда дұрыс еді. Себебі алысқа бармай, жолға шығындалмайтын едік. Ал қарсылас жағынан біз үшін бәрі бірдей. "Қайрат" болсын, "Ақжайық" болсын, бәріміздің деңгейіміз бірдей деуге болады. Сол себепті жеңіске жету мүмкіндігі 50/50 деп ойлаймын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0