Алматы қаласында Almaty Urban Fest 2022 спорт фестивалі өтеді
Алматыда урбанисті және экстремалды спорт түрлерінен Almaty Urban Fest 2022 спорт фестивалі өтеді.
Іс-шара кеңейтілген форматта ұйымдастырылады: 27 тамызда іріктеу турлары басталып, 17 қыркүйекте қатысушылар гранд-финалдың жүлделі орындарына таласады.
Алматы фестивалінің алаңында келесі спорт түрлерінен жас спортшылар сайысқа түседі: скейтер, роллер, самокат, BMX, баскетбол, көше билері, армрестлинг, воркаут, трейсер және Dota 2 киберспорты. Almaty Urban Fest қатысушыларының жалпы саны - 1100.
Іріктеу турларының ойындары төрт алаңда өтеді. Баскетбол 3х3, стрит ворк-аут, армрестлинг және көше билерін «Алматы Арена» спорт кешені қабылдайды. Агрессивті ролик, кик-скутер, BMX және скейтбординг жарыстары Орталық саябақта жоспарланған. Трейсерлер «3RUNKZSCHOOL» паркур мектебінде кедергілерден өтеді. «Арена 2.0» компьютер клубында финал жолдамасына кибератлеттер таласады.
Гранд-финал жанкүйерлерге қолайлы болуы үшін бір спорт алаңында -«Алматы Аренада» өтеді. Финалда іс-шараның қатысушылары мен қонақтары шығармашылық байқау мен арт-инсталляцияны тамашалай алады. Жарыс соңында көрермендерге концерт бағдарламасы ұсынылмақ.
Алматы қаласының спорт басқармасының бастамасымен Almaty Urban Fest фестивалі 2019 және 2021 жылдары ұйымдастырылған еді. Фестивалдің үшінші бағдарламасының ауқымы кең болмақ. Жарыстар екі кезеңнен тұрады, киберспорт және паркур сияқты спорт түрлері алғаш рет қосылды.
Фестивальге қатысуға ниет білдіргендер almatyurbanfest.kz сайтында тіркеле алады.