Серік Жарасбаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт мәселелері жөніндегі кездесуіне қатысты
19-21 мамыр аралығында Ташкентте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт министрліктері басшылары мен мекеме жетекшілерінің кезекті отырысы өтіп жатыр. Іс-шараға Қазақстан атынан мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысуда.
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спорт саласына жауапты басшылары арасындағы іс-шараларды 3 күн ішінде өткізу жоспарланған. Бағдарлама аясындағы негізгі отырыс 20 мамырда өтті.
«ШЫҰ шеңберінде дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық достық және тұрақты негізде жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының спортшылары олимпиадалық, олимпиадалық емес және паралимпиадалық жазғы және қысқы спорт түрлері, ұлттық спорт түрлері бойынша түрлі спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. Сондай - ақ ШЫҰ елдері қатысушыларының әртүрлі спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізеді», - деп атап өтті Серік Жарасбаев.
Сондай-ақ, вице-министр іс-шараға қатысушыларды «қазақша күрестен» өтетін «Әлем барысы» жыл сайынғы халықаралық ұлттық турниріне қатысуға шақырды.
Отырыс шеңберінде ШЫҰ - ға мүше мемлекеттердің дене шынықтыру мен спортты дамытуға жауап беретін бейінді министрліктер мен мекемелер ынтымақтастығының 2022-2024 жылдарға арналған «Жол картасын» іске асыру жөніндегі жоспары бекітілді.
Бекітілген құжат дене шынықтыру мен спортты дамыту, олимпиадалық, олимпиадалық емес спорт түрлері мен этноспортты танымал ету, спортшылардың, жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыруда қолайлы жағдайлар жасау бағытындағы ынтымақтастықты көздейді. Құжат 2024 жылға дейін барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу жүйесін жетілдіруге бағытталған.