Бразилияда жазғы Сурдлимпиада ойындары басталды
Бразилияның Кашиас-ду-сул қаласында жазғы Сурдалимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Байрақты бәсекеде әлемнің 100 елінен 3500 спортшы спорттың жиырма бір түрінен бақ сынайды.
Есту мүшесі зақымданған спортшылар арасындағы олимпиадада Қазақстан атынан 65 спортшы спорттың тоғыз түрінен: үстел теннисі, жүзу, каратэ-до, таэквандо, дзюдо, жеңіл атлетика, грек-рим, еркін күрес және бадментоннан ел намысын қорғайды. Салтанатты іс-шарада еліміздің көк байрағын Самсунда (Түркия) өткен XXIII - жазғы Сурдлимпиаданың чемпионы, Әлем Чемпионатының және көптеген халықаралық турнирлердің жүлдегері, таэквондист – Аян Әбдіраш алып шықты.
«Осындай ірі халықаралық додада елімнің байрағын алып шығу маған тапсырылды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Сурдлимпиадаға мен тыңғылықты дайындалдым. Бар күш-жігерімді салып өзіме артылған үмітті ақтаймын, деген ойдамын»,- деді Аян.