Ақ Олимпиадада ту ұстағандар

Ақ Олимпиадада ту ұстағандар

Жақында көптен күткен қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан спортшыларын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдова бастап шығады. Салтанатты шеруде құрама арасында бір спортшыны елдің туымен шығару дәстүрі бар. Осыған орай, Тәуелсіз Қазақстан спортшылары қатысқан қысқы Олимпиада ойындарында жалаугер кім болғанын назарларыңызға ұсынамыз.

Тәуелсіз Қазақстан қатысқан алғашқы қысқы Олимпиада ойындарында ел спортшыларын Қайрат Биекенов бастап шықты. 1994 жылы Лиллехаммер Олимпиадасында ту ұстау құрметі трамплиннен секіруден бақ сынаған Қайрат Биекеновке бұйырыпты. Ол 90 метрлік трамплиннен секіруден 49-шы нәтиже көрсетті, ал 120 метрлік трамплиннен секіруде 58-ші болды.

1998 жылы өткен Наганодағы Олимпиада ойындарында туды шаңғышы Владимир Смирнов ұстап шықты. Ол бұл құрметке толық лайық еді. Өйткені төрт жыл бұрынғы ақ Олимпиадада Владимир Смирнов чемпион атанып қана қоймай, екі рет күміс медаль алды. Нагонадағы Олимпиадада чемпиондық статусын қорғай алмаса да құр алақан қайтқан жоқ. 15 шақырымда ол үздік үштікке ілініп, қола жүлдегер атанды.

АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Олимпиадада жалаугер конькиші Радик Бикчентаев болды. Бұл конькишінің үшінші Олимпиадасы еді. 2002 жылғы Олимп ойындарында жалаугеріміз 1500 және 5000 метр қашықта 19-шы орын алды.

2006 жылғы Олимпиада Италияның Турин қаласында өтті. Бұл жолы Қазақстан спортшыларын хоккейден ұлттық құраманың мүшесі Александр Корешков туды ұстап шықты. Шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасы Латвияны жеңгенімен, Ресей мен Словакияға есе жіберіп, жарысты 9-шы орында аяқтады.

2010 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында туды биатлоншы Диас Кеңешев ұстап шықты. Азия мен әлем чемпионаттарында жүлде алған оның Ванкувер Олимпиадасында жолы болмады. 

Сочи Олимпиадасында шаңғы жарысынан бақ сынаған Ердос Ахмадиев жалаугер болды. Ол Олимпиадада классикалық стилде 15 шақырымға жарысудан 54-ші орынға табан тіреді.

2018 жылғы Пхенчхан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларын шорт-трекші Абзал Әжіғалиев бастап шықты. Дегенмен ол мансабындағы екінші Олимпиададасында жүлде ала алмады. 

Бейжіңде өтетін 2022 жылғы қысқы Олимпиадада еліміздің байрағын биыл алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады. Бұған дейін туды тек Токиода өткен жазғы Олимпиадада қос спортшыға тапсырған еді. Бейжіңде Қазақстан спортшылар шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдова бастап шығады. Осылайша, Абзал қысқы Олимпиадада туды екі рет алып шығатын алғашқы спортшы атанды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или