Қазақстан таеквандо федерациясының жаңа вице-президенті тағайындалды
Қайрат Дүйсенов Қазақстан таеквандо федерациясының спорт мәселелері жөніндегі вице-президенті болып тағайындалды. Бұл қызметте ол таеквондодан Бейжің-2008 Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Арман Шылмановты ауыстырды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі kaztkd.kz сайтына сілтеме жасап.
Қайрат Дүйсенов – таеквондодан (WT) Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының және Әлем кубогының бірнеше дүркін жүлдегері, Азия ойындарының қатысушысы, 2003 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласында өткен Орталық Азия ойындарының алтын медалі иегері, Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, түрлі халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері.
Қазіргі уақытта Қайрат Дүйсенов қоғам қайраткері, меценат, филантроп, сонымен қатар Алматы қаласы бокс федерациясының вице-президенті қызметін де атқаруда. Еңбек жолында жеке мұнай компанияларының кеңесшісі, коммерциялық директоры және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма мүшесінің көмекшісі қызметтерін атқарған. Жоғары білімі бар.