Бокс

Қайрат Сәтжанов: Әлем тарихындағы ең үлкен чемпионат болғалы тұр...

Қайрат Сәтжанов: Әлем тарихындағы ең үлкен чемпионат болғалы тұр...

Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов кеше Белградтағы әлем чемпионатына баратын боксшыларды жариялады. Жаңадан тағайындалған Қайрат Тұрсынханұлына хабарласқанымызда, бізге жедел сұхбат беріп, неліктен әлем чемпионатына 48 келіде Даниал Сәбиттің бармайтынын және 67 кг-да Абылайхан Жүсіпов баратынының себебін айтты.

– Даниал Сәбит неге Сербияға бармайтын болды?

– Біздер, Бокс федерациясының вице-директоры мен атқарушы директоры қатысып, Сабит Даниал мен Теміртас Жүсіпов екеуін жұдырықтастырдық. Екеуі өткен жұма күні спарринг өткізді. Ал дүйсенбі күні Теміртас пен Даниал жұдырықтасты. Осындағы бес жаттықтырушымыз төреші болды. Төрелік еткен бесеуі де 5:0 есебімен жеңісті Теміртас Жүсіповке берді. Бірінші раундта Теміртасқа берді. Екінші раундта Даниал жеңді деп шешті. Үшінші раундта Жүсіпов жеңді деп нақтылап, бізге жеңімпазды анықтап берді. Біздің де ойымыз солай болды – менікі де, атқарушы директордікі де...

– Абылайхан Жүсіпов бұдан бұрын екі рет әлем чемпионатына қатысып, қола медаль алған еді. Бұл жолы 67 келі салмаққа ауысыпты. Неге 71 келіге ауыспады?

– Абылайхан Жүсіповтің салмағы 71 келіге келмейді, оның салмағы 67 келіге сай келіп тұр. Абылайхан да екі боксшымен шығып жеңді. Бірінші кездесуінде Дархан Дүйсебай деген жас боксшыны жеңді. Екінші күні спаррингте кәсіпқойда өнер көрсетіп жүрген Дулат Бекбауовты шақырған болатынбыз Дулатты да жеңді. Бұл кездесуде де жаттықтырушылар төрелік етті. Есеп 5:0 есебімен жеңіс Абылайханға берілді.

– Ендеше, Сағындық Тоғамбай неге ілінбей қалды?

– Өз салмақғында Сағындық Тоғамбай спаррингке кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбетті шақырған болатын. Бек – Азия чемпионы, екеуі кездесті. Сағындық Тоғамбай да жақсы жұдырықтасты. Бірақ ұпай санымен Нұрмағанбеттен жеңілді. Бұл кездесуде Бек жеңіске жетті.

– Белградта қанша медаль алу жоспарда бар?

– Бұл әлем тарихындағы ең үлкен чемпионат болғалы тұр. Әзірге жүзден астам елден 650-ге тарта боксшы қатысатыны анықталды. Өте тартысты өтеді деген сөз. Жарысқа олимпиада чемпиондары, Азия, Еуропа жүлдегерлері, әлем чемпиондары да қатысайын деп жатыр. Аса қызық чемпионат болайын деп тұр. Біздің боксшыларымыздың дайындығы жақсы. Бәрі жанын салып бокстасамыз деп жұлқынып тұр. Жігіттерге айтып жатырмыз: «Белградқа барған соң, команда бойынша бірінші орын алайық! Бәріміз соған тырысайық, сондай мақсат қояйық! Әрқайсың жеңімпаз болуға лайықсыңдар! Жеңімпаз болғаннан бөлек, «Ең үздік бокшы» атағын да алуымыз керек! Бәрі өз қолдарыңызда!» – деп жігерлендіріп жүрмін. Жеңіске құлшынысымыз жоғары, бар күш-қуатымызды саламыз. Алла қаласа, Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақтатып қайтамыз деген сенімдемін.

Айбек Мұханов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0