Ақтоты Райымқұлова Қарағанды облысындағы спорт нысандарын аралады

Ақтоты Райымқұлова Қарағанды облысындағы спорт нысандарын аралады

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қарағанды облысындағы бірқатар спорт нысанына барып, жұмысымен танысты. Сапар барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүркенов пен Қарағанды облысы спорт және дене шынықтыру істері басқармасының жетекшісі Темірхан Абылаев министрге өңірде спорт саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыс жайлы баяндады.

Әуелі Мәдениет және спорт министрі Saryarka үстел теннисі орталығына барып, аталған кешенде 15 қыркүйектен бері өтіп жатқан 2021 ITTF Kazakhstan International Open халықаралық турнирінің финалдық ойындарын тамашалады.

Елімізбен қатар БАӘ, Үндістан, Ресей, Австрия, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь сынды 8 мемлекеттің 60 спортшысы сынға түскен бәсекенің жабылу рәсіміне Қазақстан үстел теннисі федерациясының президенті, Ұлттық Олимпиада комитетінің жалпы сұрақтар жөніндегі вице-президенті Данияр Абулғазин, Ұлттық Олимпиада комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков, ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.

Турнирдің жабылу рәсімінде сөз алған Ақтоты Райымқұлова мұндай халықаралық жарыстар ел тұрғындары арасында үстел теннисіне деген қызығушылықты арттыруға септігін тигізетінін атап өтті.  

«Мұндай бәсекелер еліміздегі балалар мен бұқаралық спортты дамытуға және қолдауға зор үлес қосатыны сөзсіз. Спортпен тұрақты айналысу, салауатты өмір салтын одан әрі насихаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дене шынықтыру мен спортты дамытуға, спорт түрлерінен халықаралық деңгейдегі бәсекелерді өткізуге ерекше көңіл бөліп келеді. Әуесқой спортпен қатар, кәсіби спортқа да ұдайы көңіл бөлініп жатыр. Біз осы апта бойы көз тігіп, тамашалаған үстел теннисі жарысы соның жарқын мысалы. Дәл осындай додаларда жас спортшыларымыздың шеберлігі шыңдала түседі. Осы ретте бұл жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырған барлық азаматқа рақмет айтамын. Осындай дәрежелі халықаралық жарыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенемін»,-деді.

Осыдан кейін «Сарыарқа» орталығының атқарушы директоры Сергей Щербаков Ақтоты Райымқұлованы кешеннің жұмысымен толық таныстырды. Қазақстан үстел теннисі федерациясының есебінен салынған орталық былтыр пайдалануға берілген. Жалпы 1 200 адамға арналған үш қабатты ғимараттың құны 1,9 млрд.тг.

Сонымен қатар министр облыстағы ең алғашқы спорт нысанының бірі – Нүркен Әбдіров атындағы спорт сарайын аралады. 1958 жылы салынған әмбебап кешенде күніге 2 500 адам спортпен тұрақты шұғылдана алады. Спорт сарайында бокс пен су спорты түрлерінен қалалық, облыстық және республикалық жарыстар тұрақты ұйымдастырылады.

Мәдениет және спорт министрі жұмысымен танысқан тағы бір кешен – жеңіл атлетика манежі. 1975 жылы қолданысқа берілген ғимаратта бір уақытта 500-600 адам спортпен айналыса алады. Жеңіл атлетиканың ішіндегі барлық спорт түрімен қатар кешенде балуандарға арналған екі бозкілем мен футбол алаңы бар.

Сондай-ақ министр Әлия Молдағұлова атындағы облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне барды. Арнайы оқу орнында бокс (36х18м), грек-рим және еркін күрес (42х18м), дзюдо (9х18м) залы бар. Бұдан бөлек велобаза (11х12м), ауыр атлетика залында, баскетбол және футбол алаңынан тұрады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или