Триатлоннан Азия чемпионатында Қазақстан қоржыны үш алтынмен толықты
Қырғызстанның Ыстықкөл облысындағы «Каприз» демалыс орталығында триатлоннан Азия чемпионаты өтті.
Қазақстан, Жапония, Өзбекстан, Палестина, БАӘ, Қырғызстан, Иран мен Брунейден келген 60 атлет Elite (750 метрге – суда жүзу, 20 км велосипед, 5 км жүгіру) және U-15 (13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер (300 метр – суда жүзу, 8 км вело мен 2 км жүгіру) санатында сынға түсті.
Құрлық бәсекесіне 18 қазақстандық спортшы қатысып, сәтті өнер көрсетті. Отандастарымыздың нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.
Elite санатында әйелдер арасында жапониялық Сарика Накаяма (1:03:12) жеңіске жетсе, қазақстандық Екатерина Шабалина (1:03:21) екінші орын алды. Үштікті тағы бір жапониялық атлет түйіндесе, қазақстандық Надежда Бекмағамбетова (1:05:42) төртінші, Юлия Озерова (1:07:49) сегізінші сатыға жайғасты.
Ал ерлер бәсекесінде отандасымыз Дарын Қонысбаев (0:55:53) топ жарды. Жапониялық Киотаро Юшикава екінші, тағы бір қазақстандық Аян Бейсенбаев (0:56:58) үштікті түйіндеді.
13 пен 15 жас аралығындағы ерлер арасындағы жарыста тұғыр биігінің барлық сатысына Қазақстан құрамасының мүшесі жайғасты. Никита Дубинский (0:27:33) бірінші, Станислав Глок (0:27:59) екінші, Тимур Бакиров (0:28:25) үшінші орын алды.
Қыздар арасында отандасымыз Диана Ержанова ешкімге дес бермесе (0:31:48), қырғызстандық Альфина Артыққожаева екінші, отандасымыз Ангелина Редченко (0:32:35) үшінші орыннан көрінді.