«Өкініштен көзіме жас келді»: 20 жастағы Софья Берульцева жеңісін ұстазына арнады

«Өкініштен көзіме жас келді»: 20 жастағы Софья Берульцева жеңісін ұстазына арнады
Бүгін, 7 тамыз күні қазақстандық каратеші Софья Берульцева Олимпиада ойдындарынан ел қоржынына қола жүлдені салды. 20 жасар спортшы топтық кезеңде үздік атанып, уақытынан бұрын жартылай финалға жолдама алды. Алайда жартылай финалда египеттік Ферьял Абделазизге 5:4 есебімен жол беріп, қола жүлдені қанағат тұтты.

Жарыстан кейін журналистерге берген сұхбатында спортшы әсерімен бөлісіп, көзіне жас алды.

«Әрине, қуаныштымын. Бірақ финалға шығуға болатын еді. Барымды салдым. Кішкене жетпей қалды... Финалға кішкене жетпей қалғанда өкініштен көзіме жас келді. Бүгінгі қарсыластарымның ешқайсысымен осы уақытқа дейін жарыста кездескен емеспін.

Жартылай финалда бір-екі соққы алғаннан кейін кішкене тапырақтап қалдым. Бұл жерде төрешіні де, ешкімді кінәлай алмайсың. Бәрі әділ өтті. Нәтижесі осы», - дейді.

Софья Берульцева Олимпиада ойындарына жолдаманы соңғы сәтте алды. Ол каратеден рейтинг бойынша да, лицензиялық жарыста да ұтылып қалып, Олимпиада жолдамасынан тыс қалған болатын. Алайда Азия аймағында олимпиадалық циклда әйелдер арасында ең көп ұпай жинаған спортшы ретінде Халықаралық карате федерациясының D3 картасына ие болып, Токио Олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды.

«Жолдаманы соңғы сәтте алғаным өзіме жақсы болды. Көбісі рейтинг бойынша жолдамаға ие болып, біраз жарыстарға қатыспай жүрді. Біз жарысты да, жаттығу жиындарын да тоқтатқан жоқпыз. Өз формамызды сақтап, соңғы сәтке дейін дайындалдық. Осы тұрғыдан жолдаманы соңында алғанның мен үшін пайдасы көп болды».

Софьяның медалі каратеден Қазақстан құрамасының Токио Олимпиадасындағы екінші жүлдесі. Ол каратеден Олимпиада ойындарында әйелдер арасында  жүлде алған тұңғыш қазақстандық спортшы ретінде ел спортының тарихына енді. Каратеші Олимпиаданың қола жүлдесімен тоқтап қалмайтынын жеткізді.

«Бізге мұнымен тоқтауға болмайды. Алда бізді Азия және әлем чемпионаты күтіп тұр. Біраз демалыстан кейін қалпымызға оралып, жаттығуымызды әрі қарай жалғастырамыз».

20 жасар жанкешті Софья бүгінгі жүлдесін марқұм ұстазы Жасталап Санауовқа арнады. Каратеден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болған ол 2020 жылдың 31 желтоқсанында мезгілсіз дүниеден өтті.

«Жасталап ағаның озғаны бәрімізге өте қатты әсер етті. Біздің осы Олимпиадаға келуіміз үшін барын салды. Бізге де көмектесті, федерацияға да көмектесті. Медалімді соған (Жасталап Санауовқа) арнаймын», - деп көзіне жас алды.

 

Каратеден Токио Олимпиадасында ел ықыласына бөленген спортшы кім?

Софья Берульцева 2000 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Каратемен 6 жасынан бастап шұғылданған.

«Өзім оқыған мектепте карате үйірмесі болды. Соған қызығып, анамнан рұқсат сұрадым. Ол «мейлі, спортқа қатысып, жаттығу жасасаң денсаулығың үшін жаттығу істейсің ғой» деп, рұқсатын берді. Міне, 14 жылдан бері денсаулығым үшін жаттығу жасап келе жатырмын», - деп күледі спортшы.

«Неге екенін білмеймін, қызымның таңдауы о баста каратеге түсті. 5 жасында жаттықтырушы Борис Зарипұлы оның кішкентай екенін айтып, келесі жылы алып келіңіздер деді. Бірақ мен қызыма «жақсы оқысаң ғана каратеге барасың» деп талап қойдым. қарашада алтыға толдық. Ертеңіне бірден карате үйірмесіне бет алдық. Осы уақытқа дейін сол әрекетімізге өкінген емеспіз», - дейді спортшының анасы Виктория Берульцева қызының спортқа алғаш  басқан қадамын есіне алып.

Софья спортпен айналысуды 6 жастан бастағанымен алғашқы жеңісіне қалалық жарыста 8 жасында, ал бірінші алтын медаліне 9 жасында қол жеткізген. Каратеші қыз жеңістің кілтін еңбекте және жақындарының қолдауында деп есептейді.

«Ең басты қолдау анамның қолдауы ғой. Бірақ ұтылсаң оған айта алмайсың. Мен жарысқа кетсем қатты уайымдайды, ол өте сезімтал, жүрегі нәзік адам. Анам мектепте бастауыш сыныптарға сабақ беретін мұғалім. Әкем 2016 жылы қайтыс болды. Отбасымда жалғыз баламын. Қазір әжем, анам және мен үшеуміз бірге тұрамыз».

Софьяның анасы егер басқа балалары болғанда бәрінің Софьядай болғанын қалағанын жасырмады.

«Көбі менен неге сізден жалғыз бала деп сұрайтын. Мен әзіл шыны аралас жалғыз болса да сапалы деп жауап беремін. Егер менде тағы балалар болса, Софаға ұқсаса деп армандайтынмын. Себебі ол тиянақты, мақсаты берік, ешкімге салмақ салмайды. Үлкендерді құрметтеуі, достарын сыйлауы – ол бөлек әңгіме».

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған каратеші қыз бос уақытында бассейнге жүзугенді ұнатады. Сондай-ақ, қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілінде еркін меңгерген. 

Осы уақытқа дейін спорт мансабындағы ең жоғарғы жетістігі жастар арасындағы әлем чемпионы (2017) атағы мен ересектер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдесі (2019) болған.

Фото: Тұрар Қазанғапов, Қазақстан ҰОК

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или