«Қолаға» қол жеткізген каратеші. Дархан Асәділов жүлдесі несімен ерекше?
Токиода өтіп жатқан төртжылдықтың басты додасында алғаш рет карате шеберлері өнер көрсетті. Олимпиада бағдарламасына жағадан қосылған жарыс түрінен ел қоржынына тұңғыш жүлдені Дархан Асәділов салды.
Біріккен 67 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған ол А тобында өткізген төрт кездесуінің бәрінде сенімді жеңіске жетіп, бірінші орынмен жартылай финалға шыққан. Карате спортында 1/2 финалда жеңіліс тапқандар қола жүлдені иемденеді.
Финалға бір қадам жерде Дархан Асәділов франциялық Стивен да Костамен кездесіп, 5:2 есебімен жеңіліс тапты. Қазақ спортшысы өз салмағында фаворит саналған, ал Олимпиадада алтыннан басты үміткердің бірі еді. Алайда бұйырмады...

Дегенмен Дархан Қазақстан спортының тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Өйткені ол каратеден Олимпиадада жүлде алған тұңғыш әрі әзірге жалғыз спортшы.
Дархан Асәділов 1987 жылы 27 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. Мансабында бірталай халықаралық турнирде жеңімпаз атанған. Азия ойындарында топ жарып, әлем және Азия чемпионатында жүлдегер атанған. Карате әлемінде жоғары бағаланатын Premier League және Serie A турнирінің бірнеше дүркін жүлдегері. Ол 2020 жылы өткен 11 Premier League кезеңінің 8-інде топ жарып, бәрінен бұрын Олипиадаға лицензияны жеңіп алған.

Олимпиада алдында Дархан Асәділов каратеден Олимпиада рейтингінде көш бастап тұрды. Екінші және үшінші орында келе жатқан италиялық Анджело Кречензо (7350 балл) мен түркиялық Самдан Ерай (6772.5 балл) қалған кезеңдерде жеңіске жеткенімен нәтижеге еш өзгеріс енгізе алмаған.