«Юрков соңына дейін күресті». Ольга Довгун нысана көздеуден Олимпиаданы қорытындылады
Нысана көздеуден Қазақстан командасының мүшесі Юрий Юрков Токио Олимпиадасының финалына өткен жоқ. Ол іріктеу кезеңінде 14-ші орын иеленді. Осы орайда, команда бас бапкері Ольга Довгун Юрковтың Токиодағы көрсеткішін қорытындылады.
"Олимпиада ойындарынан кейін бір нәрсені нақты айта аламын. Юрий нағыз жауынгер, ол ең соңына дейін берілген жоқ. Иә, финалға өту үшін небары төрт ұпай жетпей қалды. Бұл біздің де, спортшының да көңілін түсіргені анық.
Бірақ бұл спорт, спортта кез келген нәтижені күтуге болады. Әзірге, бұл Юрковтың Олимпиададағы ең үлкен көрсеткіші. Токио ойындарының өтетін уақыты да ұзап кетті, пандемияға байланысты дайындық кезінде де қиындықтар туды.
Мұның бәрі де әсерін тигізген шығар. Енді жиналып, алдағы додаларға дайындаламыз", - дейді бас бапкер.