Дзюдо

Мұратбек Қыпшақбаев: Ел дзюдосына ғылыми серпіліс қажет

Мұратбек Қыпшақбаев: Ел дзюдосына ғылыми серпіліс қажет
news-banner7
mobile-news-top

Дзюдодан Азия чемпионы, Афины Олимпиадасының қатысушысы Мұратбек Қыпшақбаев Prosports.kz сайтына берген сұхбатында Токиода қола жүлде алған Елдос Сметовтың өнеріне қатысты пікір білдірді.

– Әр спортшы Олимпиадада жүлде алсам дейді. Көк туымызды желбіретіп, елге абыроймен қайтуды армандайды. Өкінішке қарай, әркез бұлай бола бермейді.

Олимпиадада көп қателік болды. Әр дзюдошымыз қателігенін сабақ алып, сонымен жұмыс істесе деген ниет бар. Кезінде өзіміз татами төрінде белдесіп, жеңілген сәтте аға буын ақылын айтатын. Кейде жастық танытып тыңдамай қоюшы едік. Спортшыларымыз әттеген-ай деп бармағын тістеп қалмауы үшін қателікпен жұмыс жасаса екен.

Ерлан Серікжановтан, Жансай Смағұловтан жүлде күттім. Жансай әлемдік додаларда жүлде алып, үздік үштікте жүр. Ерлан әлем чемпионатынан соң бір-екі турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген. Елдостың жүлдесінен соң дзюдошыларымыз жігер алып, медальге таласа ма деп едім. Өкінішке қарай, алғашқы кезеңдерде жеңіліс тапты. Кейбір спортшыларымыз осы Олимпиадада жіберген қателігінен сабақ алатын шығар, кейбіреуі үшін спорттық мансабы аяқталған да болуы мүмкін.

– Дзюдошыларымыз бастапқы айналымнан ары аса алмады. Мұның себебі неде?

– Біздің дзюдошыларда айла-әдістері аз, функционалдық жағынан да нашар деп айта алмаймын. Дегенмен де ғылыми жұмыс жетпейтін секілді. Спортшыларымыз оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатыр, жаттығулары өтіп жатыр. Ұйқысы дұрыс, тамағы тоқ. Дәрумендері де толық. Бірақ дәл осы витаминдермен жұмыс істейтін маман қажет. Әр спортшыны зерттеп, витаминнің ағзасына қалай әсер ететінін анықтау қажет.

Дзюдошыларымыз татамиге шыға салып қарсыласының айла-тәсіліне түспеді. Алғашқы төрт минутта теңдей күресіп, сосын бірдеңе жетпей қалатындай көрінеді.

Анау біздің кезден психологиялық кедергі бар тәрізді. Сондықтан осыған ғылыми зерттеу жасап, сараптау керек. Қазір барлық тараптан дзюдоға көңіл бөлінеді. Бірақ дәл осы ғылыми тұрғыдан жұмыс істеу керек. Мысалы, Олимпиада чемпионы Такато әдісті үйрену барысында компьютерден қандай қате бар екенін қарап, дұрыс-бұрысын біледі.

Елде спорт бағытында жұмыс істейтін психолог мамандар бар ма? Өз басым оларды кездестірмедім. Мүмкін арнайы спорт психологын дайындайтын курс, мекеме ашу керек шығар. Мен Олимпиадаға барар кезде Барселонада жаттығу жиынында болдым. Сол кездің өзінде әр жапон дзюдошысының қасында үш-төрт маман жүретін.

– Отгонцэцэг Галбадрах күтпеген жерден алғашқы қарсыласына есе жіберді. Бұған кейінгі бір-екі жылда ірі турнирге қатыспауы әсер етті ме?

– Әрине, ол да бар. Дегенмен пандемияның салдарынан көп спортшыларға жарыстарға қатыса алмады. Бәріне әсер етті. Бірақ біреу білер, біреу білмес, Отгонцэцэгтың кейінгі кезде денсаулығы қатты сыр берді. Отбасылық қиындықтар болды. Ота жасатты. Азия чемпионаты алдында ауырып қалды. Сол себепті көп жарысқа қатыса алмаған болуы керек. Әйтпегенде ол өткен Олимпиада алдында барған жарысынан жүлдесіз қайтпайтын. Өте еңбекқор спортшы. Бірақ та денсаулықтың маңызы зор. Қанша жерден мықты болсаң да денсаулығың нашар болса нәтиже көрсете алмассың. Сондықтан оған түсіністікпен қарағанымыз жөн.

– Дидар Хамза көп турнирде бірінші раундтан аса алмай жүр. Оның күресінен психологиялық кедергі бар секілді көрінеді.

– Ол екінші нөмірмен күресетін дзюдошы. Қарсы әдіс жасауға шебер. Жастар арасында бұл тактикасы жақсы өтетін еді. Бірақ ересектерге келген соң күресу әдісін өзгеру керек секілді. Бірінші нөмірмен күресуге, бірінші шабуылдауға бейімделу қажет. Өзіне сәл сенімділік жетпейді. Әдіс жасасам түсіп қалам ба деген ой бар тәрізді. Ол Азия ойындарында жеңімпаз болған соң қарсыластары оны әбден зерттеп алған.

– Ислам Бозбаев та нәтиже көрсете алмады. Оның орнын басатын дзюдошы бар ма?

– Исламның күресі - көңіл-күйіне байланысты секілді. Бірде былай, бірде былай. Кейде мықты күресіп жеңіп кетеді, кейде түсініксіз жерде жеңіліп қалады. Оған көп дайындалу керек. Осы Олимпиадада дайындығы толыққанды болмағандай көрінді.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: JudoInside

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер