Ауыр атлетика

«Токиода төрелік қатал, бірақ әділетті». Төрешілер Игорь Сонға қырын қарады ма

«Токиода төрелік қатал, бірақ әділетті». Төрешілер Игорь Сонға қырын қарады ма
news-banner7
mobile-news-top

Күні кеше Токиода өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Қазақстанның қоржынына екінші жүлде түсті. Ауыр атлетикадан 61 келіге дейінгі салмақта 22 жастағы зілтемірші Игорь Сон қола жүлдегер атанды.

Игорь Сон жұлқа көтеруде 131 келіні, ал серпе көтеруде 163 келіні еңсерген. Қос жаттығу бойынша ол 294 келіні бағындырды. Игорь Сонның үшінші орын үшін таласта жарыс қожайыны Еичи Итоказу, Грузия өкілі Шота Мишвелидзе мен араб Абдурахим Әлсәлім болды.

Бұл салмақта алтынға Қытай мен Индонезия спортшылары таласты. Әлем чемпионы қытайлық Фабин Ли 313 келіні (141 кг - жұлқа көтеру, 172 кг - серпе көтеру) еңсеріп, Олимпиада чемпионы атанды. Ал Индонезия спортшысы Юли Ираван күмісті қанағат тұтты.

Жарыс барысында Игорь Сонның екі жаттығуда бір-бір талпысын төрешілер санаған жоқ. Ал соңғы шешуші талпысында үш төрешінің екеуі дұрыс деп тапса, ортаңғы төреші санамады. Спортшының өзі жарыстан соң журналистерге берген сұхбатында осыған байланысты пікірін айтты. Оның сөзінше, шынтағы қозғалып, төрешілер санамай қойған.

Осыған орай, Токиода жарыс орнына хабар таратып жүрген Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет ауыр атлетикадан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірге хабарласып, төрешілердің жұмысы жайлы пікірін білді.

«Қола жүлде - үлкен жетістік. Шыны керек, күтпеген нәтиже болды. Өйткені Игорь Сон бұл салмаққа жаңадан қосылды, оның үстіне алғашқы Олимпиадасы. Қарсыластары да өте мықты. Бабы мен бағы қатар шапты.

Төрешілікке келер болсақ, ешкімге қырын қарау болмады. Төрешілер әділетсіз болды деуге келмейді. Спортшымыздың сәл-пәл қателіктері болды. Ауыр атлетикада кірпияз, шаш ал десе бас алатын төрешілер бар. Кішкене қателік көрсе санамай қояды. Оның үстіне бас бапкердің өтінішен соң қазылар бейнеқайталауды көріп, төрешілердің шешімін дұрыс деп тапты. Сондықтан бұл жерде бізге қырын қарады деуге болмайды.

Үш төрешінің үшеуі үш түрлі көруі мүмкін. Ортаңғы төреші қателігін көрсе, қапталдағылары оны байқамай қалуы әбден мүмкін. Жалпы, Токиода төрешілер қатал екені білініп жатыр. Бірақ - әділетті. Тек біздің спортшыларға емес, бәріне қатал қарап жатыр.

Допинг дауына байланысты төрешілер бізге қырын қарайды деу бос әңгіме. Қазақстанның ауыр атлетика әлемінде абыройы жоғары», дейді мемлекеттік жаттықтырушы.

Спорт журналисі Айдос Рымқұл да төрешілер әділ болды деген пікірді. Ол допинг дауына байланысты төрешілердің біздің спортшыларға қырын қарады деу қисынға келмейді дейді.

«Әлеуметтік желіде ауыр атлетикада «зажим» деген ұғымның барын түсіндіріп жаздым. Талай жарыстарда осы «зажим» жасап, спортшылар жүлдеден айырылып қалып жатады. Кейде төрешілер санағанымен, төрешілерді қадағалайтын қазылар алқасы болады. Солар есептемей тастайды.

Олимпиаданы екі төрешілер қосыны қадағалайды. Алғашқысына қазақстандық Ольга Соловьева басшылық жасаса, екіншісіне серб Милан Михайлович басқарады.

Игорьдің жарысында осы серб басшылық ететін төрешілер болды. Төрешілер өте қатал, шынымен. Себебі кейінгі уақыттағы допинг дауы ауыр атлетикаға қатты әсер етті. Сол үшін де барын салып төрешілік етеді. Менің ойымша, ешқандай бұра тарту болмады. Бәрі белгіленген ереже аясында төрешілік етті.

Игорь Сонның оң қолында проблема бар. Видеоларын қарап шығыңыз. Бүгіліп кетіп, қайта орнына келді. Кейде төрешілер көрмей қалады, сол үшін жюрилер отырады. Олар қайталауды қосып қарайды.

Бапкер 162 келіні көтергенде санамады деп наразылығын білдірді. Жюрилер қарағанымен олар да санамады. Бұл қиянат емес.

Соңғы мүміндігінде де сәл пәл кемшіліктер болды. Кей жағдайда көз жұмуға болады. Екі төреші көз жұмып, үнді төрешісі «майшаммен» қарапты ғой мүмкіндігін. Адами қателік деп ойлаймын. Оның үстіне Үндістан ауыр атлетика елі болып саналмайды.

Қателеспесем, 2012 жылы Лондон Олимпиадасында осындай жағдай болған. Анна Нурмухамедованың көтергенін төрешілер санады да, жюрилер санамай тастаған.

- Осы күнге дейін болған допинг дауының әсерінен төрешілер біздің спортшыларға қырын қарауы мүмкін бе?

- Жоқ. Олай ойламаймын. Қытайлықтар, ресейліктер, Беларусь елдерінде де допинг дауы болды. Біздің елге арнайы түрде қырын қарады деген қисынға келмейді», дейді спорт журналисі.

Расында кейінгі уақытта болған допинг дауы Қазақстанға кері әсерін тигізіп қоймады. Ауыр атлеттеріміз Олимпиада жүлделерінен қағылып, біраз уақыт спорттан шеттетілді. Есесені Токио Олимпиадасына екі ғана атлетіміз аттанды.

Токиодан Prosports.kz тілшісі Айбар Рысдәулет

Фото: Reuters, LOSA Radio, AFP

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер