Сәпиев Олимпиаданың трансляциясы туралы: "Біз артық төлегіміз келмейді"
Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Қазақстандағы Олимпиаданың трансляциясын ұйымдастыру бойынша келіссөздің қалай боп жатқанын айтты, - деп хабарлайды prosports.kz .
Оның айтуынша, Олимпиада ойындарының трансляциясын тарататын компания Қазақстаннан өте үлкен сома сұраған.
«Көршілес республикалардың осы эфирге төлеген қаржысы аз. Мысалы, Қырғызстан 100 мың доллар, Өзбекстан 800 мың доллар шығынданған. Біз бұл бағаларды салыстырдық. Қазақстан Олимпиада ойындарының трансляциясы үшін артық төлем жасағысы келмейді. Сондықтан қазақстандық телеарналардағы тікелей эфир мәселесі туындады. Келіссөз жүргізіп жатырмыз. Алда толық ақпарат береміз», - деді спорт комитетінің төрағасы.
Олимпиаданы трансляциялау бойынша келіссөздерді «Қазақстан» корпорациясы мен «Хабар» АҚ жүргізді. Бұрын хабарланғандай, тараптар әлі бір мәмілеге келе алмаған. Қазақстан РТРК мұның себебін «құқық иесінің эфирлік лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдармен салыстырғанда 123 пайызға көп белгілеуі» деп түсіндірді.
Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасында спорттың 27 түрінен 97 лицензия бар. <span> Төртжылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.</span>