Токио төрінде көк туымызды кім көтеріп шығады
Жапония астанасы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары анықталды, деп жазады Prosports.kz Олимпиада комитетінің сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық атақты спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы, жазғы Олимпиаданың жүлделер жиынтығының толық иегері Ольга Рыпакова және бокстан ұлттық құраманың капитаны, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев Токиода Қазақстан Олимпиада құрамасының Ту ұстаушылары ретінде таңдалды.
Бұл туралы бүгін Ұлттық Олимпиадалық комитеті жариялады. Ту ұстаушыларды Қазақстан ҰОК Атлеттер комиссиясы ұсынған.
Ольга Рыпакова үшін Токиодағы Олимпиада оның спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды.
Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиадада алтыны және Азия ойындарының алты алтын медалі бар. Сондай-ақ, әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.
Қамшыбек Қоңқабаев - бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылғы әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жасар қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.
Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады. Қауіпсіздік пен денсаулықты қорғауды қамтамасыз ету үшін делегацияның рейстері «Air Astana» әуекомпаниясының чартерлік рейстерімен жүзеге асырылады.