Рината Насырова: Біздің жеңісім Наурыз мерекесіне үлкен сый болды
Үндістанның Нью-Дели қаласында нысана көздеу және стенд атудан әлем кубогі кезеңі жалғасуда. Кеше стенд атудан Қазақстан әйелдер командасы "скит" бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанды. Команда мүшесі Рината Насырова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісіп, Olympic.kz сайтына сұхбат берді.
"Біз үшін барлығы да сәтті өтті. Наурыз мерекесі қарсаңында жанкүйерлерге үлкен сый жасадық деп ойлаймын. Әрине, қиындықтар кездесті. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығы көп кедергі тудырды. Қатты жел соғып, нысананың ұшуына әсер етті. Десе де, біз үшін бәрі оңды аяқталды. Қарсыластарымыздың бәрі қарымды. Финалда кездескен Үндістан құрамасын бұрын да жеңген едік. Сол сенімділік осы жолы да көмектесті.
Ал әлем кубогі кезеңіне дайындық жоғары деңгейде өткізілді. Алдымен Түркияда, кейін Мароккода жаттығу жиынын өткіздік. Одан бөлек, әр спортшының өзіндік дайындық жоспары болды. Осының бәрі бізді жеңіске алып келді деп ойлаймын.
Командамыздың атынан барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, осы жеңісімізді барша отандастарымыз бен жанкүйерлерге арнаймыз", - дейді Рината.
Айта кетелік, "скит" бағдарламасында Рината Насырова, Ольга Панарина және Зоя Кравченко сынға түсіп, жеңімпаз атанған.