Елбасы Семейдегі спорт кешенінің атауын өзгерту туралы ұсынысқа қарсылық білдірді
Нұрсұлтан Назарбаевтың атын ШҚО-дағы көше мен алаңға беруге қатысты Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай пікір білдірді. Өзінің желідегі парақшасында Айдос Үкібай бұл пікірмен Елбасының келіспейтінін айтты.
"Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ШҚО белсенділерінің "Абай арена" стадионының атауын өзгерту туралы ұсынысы талқылануда. Елбасы әрдайым өзіне қатысты мұндай "құрмет-қошеметке" қарсы. Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, стадион қазақтың ұлы ақыны әрі философының атында қалуға тиіс", - дейді Айдос Үкібай.
Еске салсақ, Семейде жақын арада Назарбаев даңғылы пайда болуы мүмкін екені туралы жазғанбыз. Бұл жаңалықты облыстық мәслихаттың депутаты Айбек Нұғымаров айтты. Оның айтуынша, осы атауды өзгертуді қолдайтын бастамашыл топтың құрамында 30-ға жуық адам бар. Оның құрамына ақсақалдар, депутаттық корпус өкілдері мен қаланың әлеуметтік белсенділері кіреді.
Нұғымаров бұл идеяның бастамашыларының есімдерін нақты көрсету туралы өтінішке абстрактілі түрде жауап берді.