Қазақстанның кәсіби спорт клубтарын ұстауға арналған мемлекеттік қаржы қайта бөлінеді
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ОҚҚ брифингінде балаларды спортпен айналасуға белсенді тарту және спорт секцияларын ашылуы туралы айтып берді, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру міндеті қойылды.
Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп «Кәсіби спорт клубтарын ұстауға жіберілетін қаржы қаражатын халықты, ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарлау» және «Барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру» бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда», — деді Ақтоты Райымқұлова.
Естеріңізге сала кетсек, жолдауда Мемлекет басшысы тарапынан қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқтығы сын ретінде айтылған болатын.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі хабарлауынша, бүгінгі күні республика бойынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын 97 бірлік кәсіби спорт клубтары қызмет етеді. Отандық кәсіби спорт клубтарының көпшілігі жергілікті бюджет есебінен жұмыс істейді.
Мәселен, 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттерден 252,6 млрд теңге бөлініп, елеулі нәтижелердің болмауына қарамастан, қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсау жалғасуда.
Осылайша, 2019 жылы 121,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға — 34,1 млрд теңге (28,1%), ал 2020 жылы — 131,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға — 37 млрд теңге (28,2%) жұмсалды.
Өз кезегінде, Мәдениет және спорт министрлігі барлық республикалық ойын федерацияларымен (футбол, хоккей, гандбол, волейбол, баскетбол, регби, көгалдағы хоккей және т.б.) кеңес өткізді. Кеңес барысында жоғарыда аталған клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірыңғай тәсілдері талқыланды. Клубтар спортшыларды ұстауға өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайтындықтан Федерациядан спортшылардың жалақысын реттеу бойынша ұсыныстар келіп түсті.
Бүгінгі күні Министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтау мақсатында спортшыларға, жаттықтырушыларға және клуб жетекшілеріне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттеу бөлігінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде қаралуда жатқан заң жобасына түзетулер әзірледі. Бұл мәселе ҚР Мәжілісінің жұмыс тобының отырысында қаралып, депутаттар тарапынан қолдау тапты.
«Балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және «балалар үйірмелерінің» қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде», — деп қосты министр.
Қазіргі уақытта дене шынықтыру және спорт ұжымдарында 127 703 спорт секциясы жұмыс істейді (оның ішінде ауылдық жерлерде 62 733), онда 5 033 546 адам қамтылған (ауылдық жерлерде 2 141 116 адам).
Спорт секцияларын құру бойынша көшбасшы өңірлер қатарында Ақтөбе — 18 034 бірлік, Шығыс Қазақстан — 11 540, Түркістан — 11 332 және Қызылорда облыстары — 10 281 бірлікпен орналасқан. Батыс Қазақстан — 4 286, Жамбыл — 4 220, Солтүстік Қазақстан — 3 811 және Маңғыстау облыстарында — 3 486 секциялардың ең аз саны байқалады. Осы орайда, спорт секцияларын ашу кезінде бірінші кезекте осы көрсеткіш төмен өңірлерге баса назар аударылатын болады.
Сонымен қатар, республикада 477 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді, оның ішінде 142 (29,9%) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектептері, онда 357 065 балалар мен жасөспірімдер шұғылданады.
Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 2019 жылғы барлық оқушылар санының 17,06%-ын құрады.
Мәселен бүгінгі күні республикада жүйелі түрде 5 706 625 адам спортпен айналысады, бұл еліміздегі халықтың 30,6%-ын құрайды. Шұғылданушылардың жалпы санының 28,6%-әйелдер, 71,4%-ерлер.<br />Жас шамасы бөлінісінде спортпен шұғылданушылардың ең көп саны 14-29 жас аралығында — 43,1%, 6-13 жас — 31,2%, 30 жастан жоғары — 24,4%, зейнеткерлік жасқа жеткендер — 1,3% байқалады.