Батырбек Есдәулетов: Жыл соңына дейін халықаралық турнирлердің өтпейтініне сенгенбіз
<span>Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы (World Taekwondo) биыл өтуі тиіс Grand Slam және Гран-при турнирлерінің финалдық кезеңін келесі жылға ауыстырды. Осыған байланысты, команданың аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов Olympic.kz сайтына пікір білдірген болатын. </span>
<span>"Біз осындай жағдай боларын болжаған едік. Өйткені, індетке байланысты елдегі және әлемдегі жарыстар түгел тоқтатылды. Жыл соңына дейін ешқандай турнир болмайтыны анық. Ал Grand Slam және Гран-при турнирлерінің келесі жылы қай уақытта өтетіні де белгісіз. Себебі, алдағы маусымда бізді өте көп жарыс күтуде. </span>
<span>Биылғы Азия чемпионаты 2021 жылғы лицензиялық турнирмен біріктірілуі мүмкін. Одан бөлек, жоспар бойынша әлем чемпионаты, Олимпиада ойындары ұйымдастырылады. Демек, алдағы жыл аса тартысты болмақ.</span>
<span> Әрине, қазір жарыстың жоқтығы қынжылтады. Бірақ бұл біздің ғана емес, барша спортшылардың басындағы жағдай. Ең бастысы - дайындықты тоқтатпаймыз", - дейді Есдәулетов. </span>