Евгений Худяков: Әлемде 56 шақырымды жүзіп өткен спортшылар әлі жоқ
5 тамыз күні қазақстандық спортшы, олимпиада жолдамасының иегері Виталий Худяков Ыстықкөлдің бір жағалауынан екіншісіне дейінгі 56 шақырымды 13 сағатта жүзіп өтті. Спортшы өзінің бұл жетістігін Олимпиада ойындарына арнады. Тура бір жылдан соң дәл осы күні Токио Олимпиадасында ашық суда жүзуден жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталмақ. Olympic.kz сайтына спортшының әкесі әрі бапкері Евгений Худяков сұхбат берді.
- Ең алдымен мұндай керемет нәтиже көрсеткен сіздерді тағы да құттықтаймыз. Виталидің бұл ерлігі спорт әлемінде қалай бағаланды?
- Жүзу қашықтығы 56 шақырым. Бірден айтайын, әлемде шақырым жүзіп өткендер саусақпен санарлық қана. Ал Ыстықкөлдің 1600 метр биікте жатқанын ескерсек, орта тау деңгейінде мұндай жағдай әлі болған жоқ. Бұрын аталған көлдің 36 шақырымына дейін ғана жүзгендер бар. Бұл біздің төрешіміз, қырғыздың танымал жүзгіші Ахмед Анарбаев. Ол 1982 жылы Ыстықкөлдің 36 шақырымын жүзіп өтті. Бұл бүгінге дейін үлкен жетістік саналып келген. Жүзу кезіндегі негізгі қиындықтар деп жүзу қашықтығының ұзақтығын және су температурасының 20 градустан төмендігін айтар ем. Картада 54 шақырым деп көрсетілгенімен, орта тау деңгейінде қиындықтар артады да, жағаға жету уақыты ұзара түседі. Халықаралық федерация ережесі бойынша, су температурасы 20 градустан төмен болса, спортшы арнайы костюм киюі тиіс (Виталий TYR костюмін киді). Демек, бұл әлемдегі ең жоғары жетістік.
- Жүзу қарсаңында дайындық қалай өтті?
- Ашық суда сәуір айында жүзе бастадық. Бар әлем коронавирус індетімен бетпе-бет келгенде, біз Ыстықкөлде жаттығу жиынын өткізу туралы шешім қабылдадық. Оқшаулану кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаттығуға мүмкіндік бар. Олимпиада ойындарын кейінге шегерген соң, осындай қадамға бардық. Алдымен азғантай шақырымдарды еңсердік. Алғашында 12 шақырым, кейін 35 шақырым, тағы бір бақылау кезінде 25,5 шақырымды бағындырдық. Төзімділікті арттыру үшін көп жұмыс істедік. Мұнда арнайы базалар мен жаттығу кешендері бар. Сондай-ақ, Виталий 43 шақырымдық марафон жүгірді, жартылай марафондарға қатысты. Одан бөлек, суда күніне екі рет жаттығу жасадық. Алаңсыз жаттығу үшін Ұлттық Олимпиадалық комитет бар мүмкіндікті ұсынды.
- Қазір спортшының жағдайы қалай?
- Жүзіп келген соң аздаған қиындықтар болды. Өйткені, қайтар жолда үлкен толқынға тап болдық. Кейін жағдайы жақсарды, өз жұмысына риза. Ашық суда жүзу спортшылар үшін оңай емес. Судың ағысы, толқыны, температурасы үлкен роль ойнайды. Дегенмен, мұның бәрі қазіргі қиындықпен күресіп жатқан дәрігерлер ерлігінің қасында ештеңе емес. Осы жетістігімізді біз ғаламдық індетпен күресіп жатқандарға арнағымыз келеді. Виталий мен барша команда атынан халықтың денсаулығы үшін күресіп жатқандарға алғыс айтамыз.