Комментатор Диас Омаров өмірден озды

Комментатор Диас Омаров өмірден озды
news-banner7
mobile-news-top

Диас Ілиясұлы Омаров бүгін екі жақты пневмониядан қайтыс болды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Қайғылы хабарды Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Facebook парақшасында хабарлады.

«Бүгін қазақ журналистикасы тағы бір жарық жұлдызынан айырылды. Сексенге қараған шағында елге әйгілі спортшы, атақты футбол комментаторы Омаров Диас Ілиясұлы дүниеден өтті. Бүкіл саналы ғұмырын спортқа арнап, спорт журналистикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Диас Ілиясұлының өнегелі өмірі барша журналистер қауымына үлгі болып қалады. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ. Алайда, дана халқымыз «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді.

Диас Ілиясұлының сонау кеңес заманындағы «Советскиий спорт», «Труд» газеттерінде жарияланған дүниелерінен бастап, «Қазтелерадиодағы» комментаторлық жанкешті еңбегі, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі «Хабар» арнасы секілді республикалық телеарналардағы спорт журналистикасының тасын өрге сүйреп, өз кәсібіне адал қызмет етуі барша журналистер қауымына үлгі-өнеге дер едік.

Орны толмас ауыр қазада марқұм Диас Омаров ағамыздың отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз. Марқұмның иманы жолдас болып, пейіште нұры шалқысын», – деп жазды министр.

Диас Омаров 1959 жылдан 1964 жылға дейін алматылық «Қайрат» сапында жартылай қорғаушы ретінде өнер көрсетті. 1966 жылдан бастап Қазтелерадиода спорт комментаторы болып қызмет атқарды. 1998 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ол Қазтелерадио мен Хабар телеарнасының спорт комментаторы болатын.

20 қазанда Диас Ілиясұлы 80 жасқа толар еді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер