«Елорда спорты қашан серпіледі». Белгілі журналист Нұр-Сұлтан әкіміне ашықхат жолдады
Танымал спорт журналисі Қыдырбек Рысбек Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновке елорданың спорт саласындағы проблемалары жөнінде ашықхат жолдады.
– Қадірлі Алтай Сейдірұлы! Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ елінің астанасы болғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде Елорда спорты республика спортының негізгі қозғаушы күші, мықты орталығы болуы керек еді. Өкінішке қарай, елорда спорты туралы олай деп айта алмаймыз. Себебі, 1996-2016 жылдардағы 6 жазғы Олимпиада ойындарында осы қалада немесе Ақмола облысында туып, кішкентайынан осы қаланың спорт мектебіне қабылданып, бұрынғы Астананың тұрғылықты бапкерінен тәлім алып, чемпион атанған бірде-бір спортшыны атай алмайсыз. Мысалы, Алматы облысының тумасы, дзюдошы Асхат Жеткеев 2008 жылы Пекин олимпиадасына Астананың атынан қатысып, күміс жүлдегер атанса, Қызылорданың Қазалысында дүниеге келіп, Сыр бойында елге танылған боксшы Марина Вольнова 2012 жылы Лондон олимпиадасында Астанаға қола медаль сыйлады. 2016 жылы Рио олимпиадасында Батыс Қазақстан облысының тумасы, қанаты қатайғанша Оралда шыңдалған Данияр Елеусінов Астананың атынан Олимпиаданың алтын тұғырына көтерілді. Рас, Данияр Рио олимпиадасына дейін бірнеше жыл Арқа төсінде тұрды. Астананың атынан ірі жарыстарға қатысты.
Бұларға қоса астанадағы республикалық спорт интернатының түлектері, семейлік жігіттер Мерей Ақшалов пен Алмат Кебісбаев сол кездегі Астана қаласына әлем чемпионаттарының бірнеше медалін сыйлады. Бұл азаматтардан басқа өзге аймақтардан келген тағы бірнеше спортшы елорданың халықаралық деңгейдегі беделін біршама көтерді. Біз, әрине, елорда намысы қазақтың барлық баласына ортақ екенін, бар қазақтың аңсары елордаға ауып тұратынын жақсы білеміз. Кезінде қазағы жиырма пайызды зорға құраған Ақмола өңіріне бар қазақтың ат басын бұрғанына, Сарыарқа төрінің қазақыланғанына қуаныштымыз. Бізді қинайтыны: Нұр-Сұлтан қаласындағы 11 спорт мектебі және жоғары спорт шеберлігі мектебіне қоса, олимпиялық даярлық орталығы, «Жігер» спорт клубтары жабылып жатып, 25 жылда өзінің төлтума ұлдарының арасынан бір Олимпиада жеңімпазын, бір әлем чемпионын баптай алмағаны.
Қадірлі Алтай Сейдірұлы! Елорда спортының көші қисайғалы біраз уақыт болды. Қаладағы спорт мекемелерінде өзара бәсекелестік жоқ, қалалық басқарма бапкер және әдіскер мамандардың білім-білігін көтеруге құлықсыз. Соның салдарынан жаттықтырушылардың кемі 80 пайызының жұмысы нәтижесіз, білім-біліктері төмен. Қалалық басқарма спорттағы ең негізгі қозғаушы күш, ең негізгі жүк тартушы - бапкерлерді назардан тыс қалдырған соң бұрынғы Астана спорты сапалық жағынан әбден құлдырады.
Қалалық басқарма барлық мекеменің жұмыс жоспарын талапқа сай бекітіп, қаржылық жағын дұрыс септеп, мекемелердің шаруасын жүйелі түрде қадағалап отырмаған соң елорда спорты әбден қожырап кетті. Мысалы, бір спорт мекемесінің директоры қол астындағы бапкерлердің білімін көтеріп, жылына екі рет нақты мақсат, міндетін белгілеп, сол тапсырмалардың орындалуын тұрақты түрде қадағалап отырмаған соң мұндай жүйеден қандай нәтиже күтуге болады?!
Нұр-Сұлтан қаласының елорда болғанына жиырма жылдан асса да, әлі күнге дейін спорттық медициналық орталығы жоқ. Мұндай орталық болмаған соң спортқа өте қажет, осы саланы жетік білетін дәрігер мамандар даярлау ісі қалай алға баспақ? Егер ақиқатына көшсек, елордадағы спорт мекемелерінен осы саланың кәсіби дәрігерлерін табу оңай емес. Өйткені, біздің спорт басшылары бұл жағына жете мән бермейді. Ал спорттық дәрігерсіз биік деңгейдегі спортшы баптау батпақты жерде бір дөңгелегі жоқ арбаны сүйреумен бірдей.
Тағы бір өзекті мәселе: спорт мекемелері басшыларының басым көпшілігі шығармашылық ізденісті тоқтатқан. Олардың дені қызметке дөкей көкелерінің демеуімен, не басқа жолмен келгендер. Олар спорттың жүйелі дамуы үшін бас қатырып жатпайды. Оларға бапкердің жұмыс жоспары дұрыс жасалған ба, қате толтырылған ба, бәрібір. Олардың кейбіреуі спортшыларға арналған жаттығу жоспарын толық түсінбейді. Ең жаманы, түсінуге талаптанбайды. Қалалық басқарма кадр тағайындауда осындай өрескел қателіктерге жол беріп қана қоймай, мекеме басшыларынан жүйелі жұмыс, жақсы нәтиже талап ете алмады. Ал өз ісіне атүсті қарайтын директорлар елорда мектептерінен, қалаға іргелес Талапкер, Қоянды, Жібек жолы ауылдарынан дарынды бала іздей қоюы екіталай. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 100 орта мектеп, оларда 140 мыңдай оқушы барын ескерсек, бұл дегеніңіз спорттық селекция жасайтын басшы мен білікті бапкер үшін керемет мүмкіндік. 140 мың оқушыдан шекеден шертіп жүріп 5000 шәкірт іріктеп алсаң, сол бес мың баланы дұрыстап баптасаң, 50 чемпион шығар еді. Осы жерде ескеретін жәйт, елорда оқушыларының біразы кешегі ауыл балалары. Олар кішкентайынан мал жайлап, су тасыған шымыр балалар, сондықтан оларды спортқа тарту ертеңгі жеңістің төте жолы дер едік.
Егер елорданың спорт басқармасы мекеме басшыларын, бапкер, әдіскер кадрларын дұрыс іріктеп, мамандардың білім-білігін көтеруге жете мән берсе, сосын селекция ісін жөндеп қолға алса, таяудағы үш-төрт жылда Нұр-Сұлтан спортын бір арнаға салуға болады.
Әйтпесе, ширек ғасырлық тарихы бар Нұр-Сұлтан қаласынан әлемдік деңгейдегі бір шаңғышы немесе бір мергеннің, бір желаяқтың, не бір конькишінің шықпауы намысқа тиетін нәрсе! Мысалы, қаладағы «Алау» мұз кешені мен «Сарыарқа» велотрегі 2011 жылы іске қосылды. Содан бері тоғыз жыл өтсе де, астана спорт мектептері әлемдік деңгейде бір конькиші немесе велотрек шабандозын баптауға жарамады. Ал Астананың бүкіл бапкерлері жабылып жатып ширек ғасырда күрестің үш түрінен (грек-рим, еркін күрес, дзюдо) бір әлем чемпионын шығарған жоқ. Қазақстан құрамасының бар мықты бапкерлері мен мамандары шоғырланған елорда республика спортының авангарды болуы үшін қала спортына ұяты бар, намысы күшті, мінезді, білімді басшы керек. Білімсіз, табанының бүрі жоқ басшы жоғарыға жалтақтап, бар арманы креслосын сақтау болып, өзінің ең негізгі міндетін қапысыз атқара алмайды.
Қадірлі, Алтай Сейдірұлы! Нұр-Сұлтан қаласы күн санап өсіп келеді. Елорда спортына тың серпін беру үшін Қажымұқан атындағы республикалық спорт интернат-колледжіне қоса қалалық тағы бір спорт интернатын ашатын кез келді. Мысалы, 2 млн. адам тұратын Алматыда республикалық деңгейдегі 3 интернат-колледжден бөлек қалалық спорт интернат-колледжі бар. Cонымен қатар, басқармаға қарасты спорттық әдістемелік талдау және медициналық орталығын ашу керек. Себебі, қалалық басқарма қызметкерлерінің мекемелер жұмысын және спортшылардың нәтижелерін жүйелі әрі уақытында талдауға мүмкіндігі бола бермейді.
Кезінде мұсылмандардың екінші халифасы Омар ибн әл-Хаттаб билікке келген кезінде: «Ендігі жерде халифаттың ақсақ түйесіне дейін менің жауапкершілігімде», деп ел аманатына аса зор жауапкершілікпен қараған екен. Сондықтан сырты бүтін көрінгенімен, іші әбден тозуға айналған, даму жүйесін жоғалтып алған Елорда спортына сіздің шын жанашырлықпен қарауыңызды сұраймыз. Мен осы салада 35 жылдан бері қызмет атқарамын. Он бес жылдай республикалық және облыстық мекемелерде басшылық қызметте болдым. Спорт саласына қатысты бірнеше тарихи, деректі еңбектерім бар. Ендеше, осы хатты бір менің ғана емес, көптеген спорт мамандарының жан айқайы деп түсінгеніңізді қалар едім. Егер сөзімізге құлақ асып,бізді қабылдап жатсаңыз, жоғарыда жазылғаннан басқа талай жәйтті ортаға салуға болады. Зор құрметпен, Қыдырбек Рысбек, – делінген ашықхатта.