Ой қорыту
Бокс

Мадияр Әшкеев: Бүгінгі күннің майданы - рингте айқасу

Мадияр Әшкеев: Бүгінгі күннің майданы - рингте айқасу
news-banner7
mobile-news-top

Бірінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев (14-0, 7КО) алдағы жоспарларымен бөлісіп, кезекті жекпе-жегіндегі қарсыласы жайлы айтып берді.

– Бұл аса азулы америкалық боксшымен жұдырықтасуға неге келістің?

– Атышулы америкалық боксшыны таңдау себебіміз ол әлемдік рейтингте өте жоғары тұр. Менеджерім Эгис Климас хабарласып “Чарльз Конвеллден жүрексініп ешкім айқасқа шықпай жатыр екен, сен жұдырықтасуға дайынсың ба?", - деп сұрады. Мен ойланбастан келісім бердім.

– Мүмкін жекпе-жек үшін төлетін ақша қомақты шығар?

– Қазіргі таңда екі тарап келісімшартты талқылау үстінде. Таяу күндері қол қоямыз. Бірақ бұл жекпе-жекте маған төленетін ақша аз. Мен қомақты ганорар үшін емес, кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген шын мықтымен күш сынасу мақсатында осы ұсынысты қабыл алдым.

– Демек, Мадияр Әшкеев мансабындағы жаңа белесіне шықты ма?

– Жоғары деңгейде жұдырықтасу үшін тек мықтылармен айқасу маңызды. Менің кәсіпқой мансабымдағы ең басты кездесудің бірі осы болмақ. Бабамыз жаудан қайтпаған батыр болса, бейбіт заманда рингте жүрген ұрпағы да қарсыластан жасқану дегенді білмейміз. Намысты бермеу қазақтың қанында бар дүние. Бұл мүмкіндікті жібергім келмеді.

– Чарльз Конвеллдің былтыр нокаутқа құлатқан қарсыласы қайтыс болды емес пе?

– Менеджерім Эгиске қарсы тарап қандай талаптар қойса да айқасқа шығуға дайынмын дедім. Чарльз Конвелл былтыр қазан айында Патрик Дэй есімді азулы америкалық былғары қолғап шеберін нокаутқа құлатқан еді. Төрт күн ес-түссіз ауруханада жатқан Патрик кейін қайтыс болды. Кәсіпқой бокстың қатерлі спорт екендігін осыдан-ақ ұғуға болады. Дегенмен, бұл жайт маған еш қорқыныш тудырмайды. Мен үшін бүгінгі күннің майданы - рингте айқасып мықтылығымды дәлелдеу.

– Өзіңнен он жас кіші қарсыласқа қалай дайындалып жатырсың?

– Жаттығу жиындары ойдағыдай өтіп жатыр. Тыңғылықты даярлық жасаудамын. Қарсыласым Чарльз Конвелл менен 9 жас кіші. Күш-жігері жалындап тұрған бұл боксшыны ауыздықтау оңайға түспейтіні анық. Америкалық өзінің мықтылығына сенсе, мен осы күнге дейін жинаған тәжірибем мен қазақ бокс мектебінің техникасына сенемін. Ең бастысы алғашқы раундтарда тегеурінді соққылармен қарқынын басып, айлаға да салып көреміз. Ол Boxrec сайтының рейтингінде 22-ші орында тұр. Егер жеңіске жетсем чемпион атану дейтін арманыма бір табан жақындай түспекпін. Ұтқан жағдайда АҚШ аумағында атақ-абыройым да артатын болады.

– Қарсыласың жайлы пікірің және бұл титулды жекпе-жек бола ма?

– Чарльз - олимпиадаға қатысқан, WSB тұжырымында екі жеңіске жеткен, көптеген турнирлердің жеңімпазы атанған тәжірибелі боксшы. Атақ-даңқынан үркіп отырған жоқпын. Керісінше қосымша күш-жігер аламын. Жекпе-жек АҚШ-тың Небраска штатындағы Гранд-Айленд қаласында 10-сәуір күні өтеді. Екеуміздің кездесуіміз сол кештің басты жекпе-жегі болады. Яғни, таяу уақытта қандай титулдың бәске тігілетінін де ресми жариялаймыз.

Сұхбаттасқан Серік Ноян

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер