Серік Сәпиев: 2019 жыл Қазақстан үшін сәтті өтті
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Prosports.kz сайтына берген сұқбатында 2019 жылды қорытындылады.
– 2019 жыл жалпылай алғанда Қазақстан спортшы сәтті өтті деп санаймын. Бізде олимпиадалық спорт түрлерінен де, олимпиадалық емес спорт түрлерінен де әлем чемпиондары бар. Оған қоса әлем чемпионаты, халықаралық жарыстардың жүлдегерлерін де атап өту қажет. Бұл спорттық жоғары жетістіктер.
Бәріңіз білетіндей, биыл елордада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Шахматтан командалық әлем біріншілігін де айту керек. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласы хоккейден Бірінші дивизионның В тобындағы құрамалар арасындағы әлем чемпионатын қабылдады. Халықаралық деңгейдегі жарыстар да көптеп өтті. Jastar Fest атты жастар арасында челлендж бастадық. Облыстардың қолдауымен мәдениет және спорттық іс-шаралар өткіздік. Мұның бәрі бұқаралық спорттың дамуына бағытталған.
Келесі 2020 жыл - Қазақстан спорты үшін өте маңызды. Спортшыларымыз Олимпиада ойындарынан алтын, күміс және қола жүлделерді жеңіп алады деп үміттенеміз. Бар ойымыз, мақсатымыз - төртжылдықтың басты додасында. Бастысы - Олимпиада чемпиондары көбірек болғай.
Естеріңізге сала кетейік, Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді. Әлемнің түкпір-түкпірінен келетін спортшылар 46 спорт түрінен жүлделерді сарапқа салады.