Ақтоты Райымқұлова Junior Eurovision-2019 байқауында екінші орын алған Ержан Максимді қабылдады
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова балалар Евровидениесі -2019 (Junior Eurovision 2019) ән байқауында 2- орын алған қазақстандық жас әнші Ержан Максимді қабылдады. Кездесуге Ержанның анасы Гүлмира Әлібек, композитор Хамит Шанғалиев, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қалибек Қуанышбаев мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан министр Ержанның тек Қазақстанның ғана емес барша түркі әлемінің намысын абыроймен қорғап Польшаның Гливице қаласында өзінің дара дарын иесі, асқақ арманға деген құлшынысы зор дарынды, еңбекқор әнші екенін кезекті мәрте дәлелдегеніне ризашылығын білдірді.
<span>«</span>Қазақ топырағы өнерпаздарға кенде емес. Бұған дейін және алдағы уақыттарда да бәріміз Димаштың өнеріне тамсанып, жанкүйеріне айналсақ енді Димаш ағасының жолын қуған Ержан үшін де шын жүректен қуанып отырмыз. Бұл еліміз үшін зор абырой. Ержан алдағы уақытта да жаһандық байқауларда сәтті өнер көрсетіп, жарқын жетістіктеріңізбен ел мерейін үстем ете беретініне сенімдімін<span>»,-деді Ақтоты Райымқұлова</span>.
Айта кетейік, Польшаның Гливице қаласында 19 елдің өнерлі өрені бақ сынаған балалар Евровидениесі (Junior Eurovision 2019) ән байқауының қорытындысы бойынша Ұлттық қазылар алқасының шешімі мен көрермендердің дауыс беру нәтижесіне сәйкес халықаралық ән байқауында бірінші орын поляк әншісі Viki Gabor -ға (278 дауыс) бұйырды, «Арманыңнан қалма!» (Don't forsake your dream) композициясын қазақ және ағылшын тілдерінде шырқаған 12 жасар қазақстандық әнші Ержан Максим (227 дауыс) 2-орын алды, ал үшінші орынға испан қызы Melani Garcia (212 дауыс) ие болған еді.
Онлайн дауыс беруге 3,77 млн адам қатысты. Тікелей эфирді «Хабар» телеарнасы көрсетті.
Ержан Максим орындаған «Арманыңнан қалма!» (Don't forsake your dream) композициясының авторлары Хамит Шанғалиев, Данияр Алдабергенов және Тимур Балымбетов, ал ресми клипті түсірген режиссер Александр Фломбойм, продюсері Сергей Руцкий.
Біздің анықтама:
Ержан Максимнің жасы 12- де. Ол 2012 жылдан бастап музыка мектебінде оқиды, бес жасынан ән айта бастаған. Жас әнші 2016 жылы дельфий ойындарының Батуми қаласында өткен фестивалінде бірінші орынды жеңіп алған. 2017 жылы Минскіде өткен «Славян базары» байқауында екінші орынды иеленген. 2017 жылы жасөспірімдер арасында өткен халықаралық фестивальдің финалисі атанған. Былтыр 2018 жылы балалар Евровидениесі ән байқауының Қазақстанда өткен Ұлттық іріктеуіне қатысып, Данелия Төлешевадан кейін екінші орынға ие болған. 2019 жылдың басында Ержан Ресейде өткен The Voice Kids балалар ән байқауының финалисі болды.