АПЛ - ең үздік
Әлем футболы

Ыстамбұл, «Ливерпуль» ... Аңызға айналған финал

Ыстамбұл, «Ливерпуль» ... Аңызға айналған финал
news-banner7
mobile-news-top

Тамыздың 14-нен 15-не қараған түні Ыстамбұлда ағылшындық командалар - «Ливерпуль» мен «Челси» УЕФА Суперкубогында кездеседі. Түркиядағы бұл қала «қызылдар» үшін жақсы таныс. «Ливерпульдің» әрбір жанкүйері үшін 2005 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы тәтті естелік. Prosports.kz Суперкубок үшін болатын кездесу алдында осыдан 14 жыл бұрынғы орын алған, футбол тарихындағы ең үздік матчтардың бірін еске түсіріп көрмек.

Атағынан ат үркетін «Миланға» қарсы

Кафу, Алессандро Неста, Паоло Мальдини, Андреас Пирло, Кака, Андрей Шевченко, Эрнан Креспо. Сол кездегі «Миланның» құрамы. Бәрінің жарқырап тұрған шақтары. Тізгінде - Карло Анчелотти. «Ливерпульге» ешкім сенген жоқ. Мұндай команданы жеңу мүмкін бе? Итальяндықтар алғашқы минуттардан бастап шеберліктерін дәлелдей бастады. Алғашқы секундтарда Мальдини гол соқты. 39-шы және 44-ші минуттарда Креспо дубль жасады. Чемпиондар лигасының финалы. Бірінші таймнан кейін 0:3!

Бірнеше жылдан кейін әйгілі Кафу шындықты мойындады. Үзіліс кезіңде «Милан» жеңісті тойлауды бастап кеткен екен. Үлкен қателігіміз сол болды деп деп ағынан жарылды бразилиялық футболшы. Басқа-басқа «Ливерпульге» қарсы ойында арқаны кеңге салуға болмайтынын түсінбеді италиялық клубтың жұлдыздары. «Қызылдар» тым болмаса, командасы жеңіліп жатса да, қолдауды аямай, тоқтамай клубтың әнұранын шырқайтын жанкүйерлері үшін жасыл алаңда қасы қаны қалғанша шайқасады. 20 000 адам бірдей ән салғанда құдды бір «Ливерпуль» Чемпиондар Лигасының кубогын көтеріп жатыр ма деп ойлайсың.

Бірінші таймның соңында «Ливерпуль» жанкүйерлерінің әнұран орындағаны әлі құлағымда. Қатты таңғалдым. Италияда 0:3 болып жеңіліп жатсаң, жанкүйерлер футболшыларға қолына түскен затты лақтырады. Бұл - менің мәңгі есімде қалады - деді Карло Анчелотти.

Карло Анчелотти шәкірттері тойлап жатқан кезде, көрші бөлмеде Стивен Джеррард қызыл кеңірдек болып, әріптестерін оятуға тырысып жатты. Әуелі, эмоцияға ерік беріп, бұл ойынның «Ливерпуль» мен оның жанкүйерлері үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Кейін, Рафаэль Бенитес екеуі жоспар құрды. Алғашқы 15 минутта гол соғу, міндетті түрде. Қос қапталмен жиі шабуылдау. Жоспар жүзеге асты. Джеррард өзі бәрін бастап берді. Сол қапталдан әуелете асырылған допты Диданың қақпасына қолмен қойғандай топ еткізді. Екінші гол қарама-қарсы қапталдан келді. Щмицер 20 метрдей жерден жойқын соққы бағыттады. Сұңғақ бойлы Дида жата-жастана допқа қанша ұмтылғанымен, футбол снаряды қақпасының алыс бұрышын дәл тапты. Кейін, Гаттузо шатасып, Джеррардқа қарсы айып алаңда тәртіп бұзып қойды. Алонсо пенальтиді сәтті орындай алмаса да, қақпашы қайтарған допқа бірінші жетіп, есепті теңестірді.

Әдетте, «Миланның» орнына басқа команда болғанда ес жия алмас еді. Бұл команда әбден ысылған, өте тәжірбиелі команда еді. Тек, үзілісте жеңіске ерте сенді. Қанша шебер болсаң да, миын бір нәрсеге сенді ме, денең соны орындайды. Футболшылар кейбір сәтте аяғына дейін жүгірмеді, қарсыласты дер кезінде жаппады. Бірақ, таразы басы теңескеннен кейін «Милан» жеңіске жақын болды. Кака ұрымтал сәтте мүлт кетті, Шевченко екі метр жерден жеті метр қақпаны емес, қақпашы Дудекті дәл көздеді. Ағылшындар физикалық, эмоциялық тұрғыдан шаршады. Жол болып, пенальти сериясына дейін жетті.

2003 жылдың жазында «Милан» Чемпиондар Лигасының финалында ойнаған еді. Ол матчта гол соғылмады. Пенальти сериясында Шевченко Буффон қорғаған қақпаға шешуі голды соғып, Дида екеуі бір-біріне құшақтарын айқара ашып, тойлап кетті. Ал, екі жылдан кейінгі пенальти сериясындағы соңғы соққыдан кейін жағдай мүлде басқаша еді. Дәл сол Шевченко қателесті. Әріптестерінен ең жақын тұрғаны - Дида. Бірін-бірі жұбатуға ғана шамалары жетті.

Матч біткен соң не болғанын түсінбедім. Жанкүйерлер арасынан отбасымды тапқым келген. Қай жерде отыратын да білетін едім. Ойын алдында. Бірақ, төрешінің ысқырығы естілісімен есімді жоғалттым. Бәрімен құшақтасып, стадионды айналып жүгірумен болдым. Бір сәтте жасыл алаңға жата кеткенімді білемін. Денемде діріл. Ары қарай не болғаны есімде де жоқ - деді ойын соңынан кейін командасын жеңіске жетелеген Стивен Джеррад.

2005 жылғы Чемпиондар Лигасының финалы футбол тарихындағы ең үздік матчтардың бірі. «Ыстамбұлдағы ғажап» деп аталып кеткен ойыннан кейін талай футбол командаларының текетірестерін көрдік. Бірақ, дәл осы матчқа жететін жоқ шығар.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер