Владимир Платонов: Қазақстанда сапалы спорттық жүйе қалыптастыру үшін бар жағдай жасалған

Владимир Платонов: Қазақстанда сапалы спорттық жүйе қалыптастыру үшін бар жағдай жасалған

Спорт ғылымында ерекше орны бар украиналық ғалым, педагогика ғылымдарының докторы Владимир Платонов Қазақстандағы спорттық құрылымдар өзгеріске ұшыраған сәттен бастап кеңесші қызметін атқарып келеді. Өткен жылдың желтоқсанында тәжірибелі маман ұлттық құрама спортшыларымен тілдесіп, әрқайсысымен жекелеген кездесулер өткізді. 

Olympic.kz сайтына сұхбат берген Платонов мұндай кездесулердің маңыздылығын ескерте отырып, еліміздегі спорттық жүйені жақсартудағы негізгі мақсаттарды атады. 

- Меніңше, ұлттық құрамалармен кездесу жоғары деңгейде өтті. Біз ірі жарыстарға дайындалып жатқан бірнеше команда өкілдерімен тілдестік. Олардың барлығы да Олимпиада ойындарына дайындалуда. Барлығының басын қосып, спорттағы дайындықа, әлемдік спорттағы ахуалға және дайындық әдістеріндегі тенденциялаға қатысты әңгіме өрбіттік. 

Кейін әрбір командамен және үздік бапкерлермен жекелеген кездесулер өткіздік. Оларға Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарына дайындалу жүйесі түсіндірілді. Бір сөзбен айтқанда, көптеген сұрақтың басын қайырып, маңызды мәселелерді талқыладық. 

Қазір өткен жылдардың еншісіндегі жағдайларға бас қатыруға болмайды. Өйткені, әлем спортында үлкен өзгерістер орын алуда. Спорттың, Олимпиада ойындарының танымалдығы артты. Қазір саяси және экономикалық жағдайлармен бір қатарда тұр. Осы тұста көптеген технологиялар енгізілді. 

Сіздердің елдеріңізде көп жайт көңілімнен шықты. Базалар даму үстінде, спорттық дәстүрлер сақталған, Ұлттық Олимпиадалық комитеттегі микроклимат та жақсы. Мұның бәрі көптеген мәселелердің оң шешім табуына әсер етеді. 

 - Қалай ойлайсыз, біздің елдегі спортшыларды дайындау жүйесінде қандай кемшіліктер бар? 

- Бұл туралы нақты жауап беру қиын. Президентің спортқа деген ықыласы, шенеуніктердің спортқа көзқарасы, тіпті, қалың бұқараның спортқа деген қарым-қатынасы маңызды факторлар саналады. Осының бәрі жүйені, құрылымды, атмосфераны реттейді. Сіздерде сапалы жүйе орнату үшін қажетті дүниенің барлығы бар. Дәл осы сәтте спорт түрлерін дамыту жөніндегі мәселе туындайды. Мәселен, базалар туралы айталық... Сіздерде дзюдошылар мен велошабандоздарға керемет жағдай жасалған. Алайда, бұқаралық спорт түрі саналатын жүзу спорты кенжелеп қалды. Жақсы база мен орталық жоқ. Сондықтан, Олимпиадада ең көп жүлделер жиынтығы таратылатын бұқаралық спорт түрінен бас тартуға болмайды. База болғаны дұрыс. 

Ал тағы бір маңызды мәселе – балалар мен жасөспірімдер спорты. Барлығы спортшыларды дайындау жүйесіне бекітілуі тиіс. Балалардың көрсеткішіне қарап, бапкердің жетістігін бағалауға болмайды. Бұл – қате. Мұндай жағдай дайындықтың бұзылуына әкеп соғады. Балалар жасөспірім кезінде жақсы нәтиже тіркегенімен, өсе келе көрсеткіш төмендей бастайды. Бұл халқының саны аса көп емес Қазақстан үшін үлкен проблема. Спортшының құлдырауға ұшырамай, 20 жастан кейін де жоғары нәтиже көрсетуге жағдай жасау керек. 

Сондай-ақ, Қазақстан секілді үлкен мемлекеттің өзіндік ғылыми орталығы болуы керек. Сіздерге кешенді-ғылыми топтар жұмыс істей бастады. Мәселен, жүзу спортында жақсы мамандар бар. Бірақ бұл жеткіліксіз. Мықты ғылыми орталық болғаны дұрыс. Елде жақсы дамыған спорт түрлеріне қызмет көрсететін зертханалар жұмыс істеу керек. Бұған сіздердің жағдайларыңыз жетеді. Сонымен қатар, спорт университетін құру да кезек күттірмейтін мәселе. Өйткені, кадр мәселесі өте өзекті. Көптеген білікті бапкерлер жалақының аздығынан фитнес саласына бет бұрып жатыр. 

Астанада спорт университетін құруды қолға алу қажет. АІВА базасында медициналық орталық бой көтеруде. Бұл көп мәселені шешеді. Спортшылардың тамақтануы, қалпына келуі, профилактика секілді жайттарды шешу осы орталықтың міндетінде. Сіздердегі олимпиадаға дайындау орталығының интернатқа айналғаны қуантады. Спортшылардың білім алуына жағдай жасап отырсыздар. Колледждер де құрылған. Міне, осыларды негізге ала отырып, университет ашуды жеделдету қажет. Спортшы мансабын аяқтаған соң далада қалмауын ойластыру керек. Одан бөлек, болашақта білікті кадрлар қатарға қосылады. 

Қазақстанда мүмкіндіктер өте көп. Тек соларды жүзеге асырып, пайдалана білу қажет. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или