Еліміздегі ұлттық федерациялар КҒТ мамандарымен толық қамтылды ма
Спорттық медицина және антидопинг департаменті директорының орынбасары Лаура Укбенова ұлттық құрама командалардың КҒТ мүшелерімен қаншалықты толыққанын айтып берді. Маманның пікірінше, барлық федерацияда спорттық дәрігер мен массажшы бар.
- Кешенді-ғылыми топ құрылғалы бері ауқымды жұмыстар атқарудамыз. Түрлі семинарлар өткізіп, білікті шетелдік мамандардың кеңесіне құлақ түрудеміз. Өйткені, медицина үнемі даму үстінде болғандықтан, біздің мамандар да білімін жетілдіріп отыруы тиіс. Ал бүгінгі таңда олимпиадалық спорт түрлеріндегі федерациялардың барлығында дәрігер мен массажшы бар. Спортшыға ең алғашқы көмекті көрсететін осы жандар. Сол себепті, олар құрама командамен бірге.
Ал диетолог, биохимик және мануальды терапия мамандарының ұлттық құрамамен үнемі бірге жүруі шарт емес. Олар қажет кезінде барлық көмекті көрсете алады. Қандай да бір федерацияға диетолог немесе биохимиктің көмегі қажет болса, дереу жібереміз. Мәселен, диеотологтар көп жағдайда мәзір дайындаумен айналысады.
Еліміздегі спорттық базалардың барлығы тексеруден өткенін білесіздер. Міне, сол кезде мәзір сапасын диетологтарымыз тексерді. Одан бөлек, жыл соңында ұлттық құрама командалардың басым бөлігі оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Жиын кезіндегі спортшылардың тамақтануы да біздің мамандардың назарында, - дейді Лаура Укбенова.
Еске сала кетейік, өткен аптада АІВА академиясының базасында Қазақстан ҰОК ұйымдастыруымен диетологтарға арналған семинар өткізілді.