Таеквондодан Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея университетімен бірлескен жиын өткізді

Таеквондодан Қазақстан құрамасы Оңтүстік Корея университетімен бірлескен жиын өткізді

Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы АІВА академиясының базасында Оңтүстік Корея командасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді. 

Жыл соңындағы оқу-жаттығу жиынына ұлттық құраманың барлық көшбасшылары қатысты. Сондай-ақ, облыстардан келген спортшылардан бөлек, Сеулдегі дене шынықтыру университетінің студенттері де АІВА академиясынан табылды. 

«Барлық үздіктеріміз осында. Смайыл Дүйсебай, Руслан Жаппаров, Жансель Дениз, Фариза Алдоңғаровалар жылдың соңғы жиынынан тыс қалған жоқ. Олимпиада ойындарының алты чемпионын тәрбиелеген Сеул дене шынықтыру университетінің студенттері де бірлескен жаттығу жиынын өткізуде. Бұл жаңа жылдың алдында спортшыларға үлкен көмек болары сөзсіз», - дейді команданың аға жаттықтырушысы Батырбек Есдәулетов. 

Келесі жылы өтетін турнирлердің барлығы да Олимпиадаға ұпай таратпақ. Ал жылдың басты додасы саналатын әлем чемпионаты 2019 жылдың мамыр айында, Манчестер қаласында өтеді. 

«Бізде лицензиялық турнирлер саны көп. Олар G1, G2 санаттарына бөлінген. Барлығында да жүлделі орындарға рейтингілік ұпай беріледі. Біздің спортшылардың арасында Смайыл Дүйсебайдың мүмкіндігі жоғары. Ол олимпиадалық рейтингте 16-шы орында тұр. Жаңа жыл басталысымен көптеген спортшылардың ұпайы қайта саналмақшы. Біздің Смайымлдың да рейтингтегі орны жоғарылайтыны анық», - дейді бапкер. 

Әлем чемпионатына дейін Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия, Бельгия және Германия елдерінде ірі халықаралық турнирлер өтеді. 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или