Смайыл Дүйсебай: Олимпиада чемпиондары да жеңіледі
Бұл күндері таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасы Талғардағы АІВА академиясының базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Ұлттық құрама мүшелері аталған жиынға түгелдей дерлік жиналған.
Олардың қатарында шымкенттік Смайыл Дүйсебай да бар. Биыл отандық таеквондошылар арасынан Гран-при сериясының финалдық бәсекесіне қатысқан ол Olympic.kz оқырмандары үшін биылғы маусымды қорытындылады.
- Мен үшін биылғы жылдың басты додасы деп Азия чемпионатын айтсам болады. Өйткені, сол сында бағым мен бабым қатар жүріп, жеңімпаз атандым. Сары құрлықтағы таеквондо деңгейінің биік екенін білесіз, сондықтан, бұл жарыстың ешкімге де оңай соқпағаны анық. Ал Азия біріншілігі басталғанға дейін алты халықаралық турнирге қатысып, бәрінен де жүлдемен оралдым. Үш алтын, екі күміс бір қола медаль еншілеппін. Мұның бәріне шүкірлік етемін.
Азия ойындарына қатыспадым, өйткені, менің салмағым ойын бағдарламасына енбеген. Айтпақшы, әлемнің үздік 32 спортшысы ғана қатысатын Гран-при сериясының финалына шақырту алғаным да үлкен жетістік. Әрине, тұғырға бір қадам қалғанда тоқтағаным өкінішті, дегенмен, бұл доданың финалдық кезеңі мен үшін ұмытылмас оқиғаларға толы болды.
Алдымен Рио Олимпиадасының чемпионын, кейін қазіргі әлем чемпионын жеңдім. Жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберген соң, Иран өкілімен қолаға таласу мүмкіндігі туды. Алайда, аса тартысты өткен кездесуде есеп тең түсіп, «алтын ұпайда» қарсыласқа есем кетті...
Мұның бәрі менің рейтингте жоғарылауыма себеп болды. Жаңа жылда рейтинг қайта түзіледі, сол кезде менің ұпайым да көбейері сөзсіз.
Өз салмағымда Олимпиадаға жолдама алсам деген мақсат қана бар қазір. Жолдамаға қол жеткізудің қиын екенін білемін, бірақ, тырысамын. Менің басты қарсыластарымның қатарында германиялық әлем чемпионы бар. Рейтингте бірінші орында тұрған ресейлік таеквондошы да мықтылар қатарынан. Мексика, Испания өкілдері де жоқ емес.
Менімен жолдамаға таласатын негізгі спортшылар деп осыларды атауға болады. Осал қарсылас жоқ, әйтсе де, чемпиондардың өзін жеңуге мүмкіндік бар. Оған көзім жетті.
Жалпы, біздің спортта қара күштің көп пайдасы жоқ. Таеквондода күштен гөрі жылдамдық, қырағылық, ептілік керек. Үш раунд бойы тек аяқпен әдіс істеу де оңай емес. Тепе-теңдікті сақтап, ептілігіңді көрсете білу қажет.
Кез-келген спорт түрінде жеңіске жету үшін нағыз кәсіби спортшы атану керек деген қағиданы ұстанамын, - дейді Смайыл Дүйсебай.