Олег Вагизов: Олимпиадаға 3-4 жолдама алу - мақсатымыз
Биыл жүзуден Қазақстан құрамасының алдында үш ірі жарысқа қатысып, жүлделі орындардан көріну мақсаты тұрды. 2018 жылдың маңызды бәсекелері қатарына Азия ойындары, Жасөспірімдер Олимпиадасы және қысқа қашықтықтағы әлем чемпионаты енген еді. Бүгінде бұл үш турнирдің екеуі артты қалды. Olympic.kz сайтына сұхбат берген жүзуден ұлттық құраманың бас бапкері Олег Вагизов бұл міндеттердің қаншалықты орындалғанын айтты.
«Джакартадағы Азия ойындарында жалпы есебі 4 қола медаль жеңіп алдық. Әрине, салыстырмалы түрде бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Алайда, Баландиннің жарақатын ескере отырып, Азиада қорытындысын қанағаттанарлық деуге толық негіз бар. Дима жарақытының ауырлығына байланысты Джакартадағы додаға қатыспайды деп шешкенбіз. Бірақ жарыс басталуына бір апта қалғанда оған бақ сынап көруге кеңес бердік. Ол жекелей сында екі қола жеңіп алды. 100 метрге брасс әдісімен жүзуде өзінің үздік нәтижесін көрсетті. Сондықтан, оның көрсеткіші көңілден шығады. Төрт жігітіміздің эстафетада үздіктер қатарына ілігуі де қуантарлық жағдай. Әділбек Мусин жастығына қарамай, 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде қолаға иелік етті. Оның болашағына үлкен сенім артып отырмыз», - дейді Вагизов.

Бас бапкер Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасына да тоқталып өтті.
«Олимпиада ойындарына іріктеу ешқашан оңай болмаған. Сол себепті, екі ұл мен екі қызымыздың лицензия алғанының өзі үлкен жеңіс. Негізі, бір спортшымыз финалға шықса, мақсаттың орындалғаны деп ойлаған едік. Сол ойымыз айна-қатесіз орындалып, Диана Назарова 50 метрге шалқалап жүзуден ақтық сынға жетті. Сегізінші орында қалып қойса да, Назарованың финалға өткенінің өзі үлкен абырой», - деді бас жаттықтырушы.
Қысқа қашықтыққа жүзуден әлем чемпионаты бұл күндері Қытайда өтіп жатыр. Әзірге, спортшыларымыз жартылай финалға өткен жоқ. Чемпионат барысында еліміздің үш рекорды жаңарды. Осы орайда, Олег Вагизов Олимпиадаға іріктеу кезеңі басталатын алдағы маусым туралы пікірімен бөлісті.

«2019 жылдың көктемінен бастап Олимпиадаға жолдама беретін ресми турнирлер басталады. Жүзу спортында төртжылдық додасына лицензия жеңіп алу үлкен күш. Біз 3-4 жолдама иеленсек деген жоспар құрып отырмыз. Бірақ мұның өзі оңайға түспейтенінін мойындаймыз. Рио Олимпиадасына екі спортшымыз ғана қатысқаны естеріңізде шығар. Мұның бәрі резервтің аздығына келіп тіреледі. Жүзу спортын дамыту тек федерацияның немесе Ұлттық Олимпиадалық комитеттің міндеті емес. Спорттың бұл түрін кешенді түрде дамыту қажет.
Яғни, жүзу спортын насихаттап, материалдық-техникалық базаны нығайту керек. Егер өсіп келе жатқан буын мықты болса, біздің алдағы жеңістеріміз де жарқын болмақ. Бүгінде ҰОК әрбір ұлттық құрамаға дәрігерлер мен массажшыларды бекітіп, кешенді-ғылыми топтар құрып жатыр. Біз бұл бастаманы қолдаймыз! Мұны көп күткен едік. Келесі жылы 18-ші әлем чемпионаты өтеді. Оңтүстік Кореядағы сында да аянып қалмауға тиістіміз. Спортшыларға ең бірінші кезекте өздерінің жеке нәтижелерін жақсарту міндеті қойылады. Егер көрсеткіштер өссе, біздің жұмыс дұрыс бағытта дегенді білдіреді», - дейді Олег Вагизов.