Нұрлан Мырзабаев: Менің арманым - Олимпиада

Нұрлан Мырзабаев: Менің арманым - Олимпиада

Таеквондодан Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрлан Мырзабаев  биыл спорттық мансабындағы ең бағалы медалін жеңіп алды. Ол Джакартада өткен Азия ойындарында қола жүлде тағынған болатын. Құрама үздіктерінің бірі саналатын Нұрлан өзі мен командаластары үшін табысты өткен жылды қорытындылап берді. 

 - Шынымды айтсам, мен үшін биылғы маусым сәтті болды. Өйткені, өзіңіз білетіндей, Азия ойындарында үздік үштікке ендім. Оның үстіне, Қазақстан құрамасы Азиада тарихында ең көп медаль жеңіп алды. Біздің еншімізде бес жүлде бар. Мұның бәрі қуантады. Әлем чемпионатында үздік бестікке енуім мен үшін үлкен жетістік болған. Енді оған Азиада медалі қосылды. Сол себепті, бұл жылға ешқандай өкпем жоқ, - дейді Нұрлан. 

Нұрлан Мырзабаев командаластарының жетістігі үшін де ерекше қуанышты екенін айтты. 

 - Таеквондодан Қазақстан құрамасы жақында өткен аралас командалық әлем чемпионатында және ерлер арасындағы командалық сында үздік үштікке енді. Гран-при турнирлерінде қаншама жүлде алдық. Ірі халықаралық жарыстарда жақсы өнер көрсеттік. Әрине, бәріміздің алдымызда әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына атой салу міндеті тұр, - дейді спортшы. 

Талантты таеквондошы алдағы маусымда артылатын міндет көп екенін жасырған жоқ. 

 - Келесі жылы Токио жолдамасы үшін тартысамыз. Лицензиялық турнирлер санатына әлем чемпионаты, құрлық біріншілігі енеді. Таеквондода рейтингке көп мән берілетінін ұмытпау керек. Сол себепті, алдымыздағы жылы бізден үміт күткен жанкүйерлер сенімінен шығып, Олимпиадаға мейілінше көбірек жолдама алу керек деген пікірдемін. Бүгінде аяғымды жарақаттап, емделу үстіндемін. Келесі маусымға дейін бабыма келерім анық. Өйткені, менің арманым – Олимпиада, - деді Мырзабаев ҰОК баспасөз қызметіне.

Еске сала кетейік, бұл күндері таеквондодан Қазақстан құрамасы АІВА базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізуде.  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или